Фицпатрик: Біз Путинді бүйтіп масайратып қоюға жол бермейміз

УАШИНГТОН. 20 ақпан. АҚШ Конгресінің мүшесі, республикашыл Брайан Фицпатрик Ресей диктаторының дандайсып кетуіне тосқауыл қоятындарын айтты. Бұл туралы УНИАН ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
АҚШ-тың қазіргі іс басындағы президенті Дональд Трамп партиясының мүшесі, Конгрестің Өкілдер палатасының мүшесі Брайан Фицпатрик Украинаға арсыздықпен басып кірген РФ диктаторы Владимир Путиннің марапат алуына жол бермейтіндерін тәкпір етті. Ол Украина президенті өз еліне қатысты, бейбіт келісімге қатысты сырттан таңылған бірде-бір құжатқа қол қоймауы тиіс дегенді айтты.
«Президент Володимир Зеленьский Украина халқының қауіпсіздігі мен егемендігіне кепілдік бермейтін кез келген сыртқы мемлекет тарапынан таңылған ешқандай келісімге бармауы керек. Ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) еркін және әділ өтті деп тапқан сайлауда 73 пайыздан астам дауыспен сайланды, онда мен АҚШ Конгресі өкіл етіп тағайындаған комиссар болып қызмет еткенмін. Ресейде мұндай сайлау еш уақытта өткен емес», – деп жазды ол X желісінде.
Оның айтуынша, Зеленьский мен келіссөздерге қатысушылардың барлығы АҚШ Конгресіндегі қатарлары шамалас екі партияның да өкілдері «украин жеріне заңсыз басып кіріп, бәрін қиратқан, халқын өлтірген, азаптаған, зорлаған, көптеген әйелдер мен балаларды елдерінен алып кеткен» Ресей диктаторының Құрама Штаттар тарапынан марапатталуына, сый мен құрмет алуына жол берілмеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынына сенулері керек.
«Біз жеке немесе саяси көзқарастарымыздың әркелкілігіне қарамастан, өз қолымыздағы бар барлық тетіктер мен әрбір дауысты осы үшін пайдаланамыз. Бұл мәселе өте шетін және өткір. Бұл біздің алдағы әрекеттерімізді айқындап беретін мұра болып қалмақ. Біз бәріміз жауыз Ресейдің басқыншылық лаңының және халықты қыруының дереу тоқтатылуын қалаймыз. Бейбітшілік келісімі әділ және ұзақ болуы үшін ол ресейлік басқыншыларды қылмыстық жауапқа тартып, украин құрбандарын қорғауға, Еуропаның барлық елдері арасындағы шығындарды әділ және тең дәрежеде бөліп беруді қамтамасыз етуге құралуы тиіс», – деп есептейді Фицпатрик.