Жаңалықтар жаңғырығыЭкономика

Тариф тәлкегі: Қытай Трамп Америкасымен кез келген соғысқа дайын

БЕЙЖІҢ. 5 наурыз. Қытай Трамптың енгізген тарифтеріне тез жауап берді: Бейжің енді Уашингтонмен соғыстың қай түріне де әзір екенін білдірді. Бұл туралы The Independent ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Екі держава арасындағы кикілжің экономика шеңберінен әлдеқашан асып кеткен, бірақ Бейжің бұған дейін АҚШ-қа қарсы мұндай қатқыл мәлімдеме жасап көрген емес еді.

АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес жаңа деңгейге көтерілді.

АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда тарифтерін күрт көтеруіне жауап ретінде Қытайдың Уашингтондағы елшілігі бұрын-соңды болмаған мәлімдеме жасады. Онда Қытай билігі АҚШ-пен кез келген қарама-қайшылық түрінде, мейлі ол тариф болсын, экономикалық соғыс болсын немесе кез келген басқа соғыс болсын, бәрінің де «соңына дейін» күресуге дайын екенін алға тартады.

Мәлімдеме Қытай елшілігінің X әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында жарияланды. Ол АҚШ-тың жаңа экономикалық санкцияларына қатаң жауап берген Қытай сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесіне үндес.

«Егер АҚШ-тың қалаған нәрсесі соғыс болса, мейлі ол тарифтік соғыс, сауда соғысы немесе басқа кез келген соғыс болсын, біз қай-қайсысының да соңына дейін баруға дайынбыз», – делінген Қытай тарапының мәлімдемесінде.

АҚШ пен Қытай: барлық майданда эскалация

Трамп Қытай тауарларына баж салығын 20%-ға көтергеннен кейін әлемнің ең ірі екі экономикасы арасындағы сауда соғысы күрт ушығып, Бейжің дереу Америка ауылшаруашылық өнімдеріне 15% салық салуға шешім шығарды. Трамп бұл шараларды АҚШ-тағы фентанил дағдарысы үшін Қытайды айыптау арқылы ақтап алуға тырысқан еді.

Екі держава арасындағы тартыс әлдеқашан экономика шеңберінен шығып кеткен. 2025 жылдың ақпанында АҚШ Мемлекеттік департаменті Америка саясаты «Қытай агрессиясын болдырмауға, әділетсіз сауда тәжірибесіне қарсы тұруға, Қытайдың зиянды кибер әрекетіне қарсы тұруға және фентанил прекурсорларының жаһандық саудасын тоқтатуға» бағытталғанын ресми түрде мәлімдеген болатын.

Қарсыласудың жаһандық майданы

Бейжің қазір Америка-Қытай арасындағы экономикалық шиеленістің сыртында өзінің агрессиялық саясатын  ашықтан-ашық көрсете бастады. Ақпанның басында Қытайдың бір истребителі Оңтүстік Қытай теңізі халықаралық суларында Аустралияның әскери ұшағына жылы тұзақтармен шабуыл жасады. Қытай айдың соңында Аустралияны оны мен Жаңа Зеландия арасындағы халықаралық суда оқу жаттығуын өткізуі мүмкін екенін ескертіп қойды.

Қытай сондай-ақ Тынық мұхит айдыны аумағындағы өз ықпалын арттырып келеді. Жақында Бейжің мен Кук аралы арасында жасалған стратегиялық келісім өзінің жауапкершілігіндегі аймақта Қытайдың әскери бағыттағы жүріс-тұрысы артып бара жатқанына қауіптенген Жаңа Зеландия тарапынан қатты алаңдаушылық туғызды.

Шамасы, әлем қазір АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің жаңа дәуіріне еніп келе жатқанына куә болып отырған сияқты. Ал бұл күресте Бейжің енді алған бетінен қайтайтынын, соңына дейін соғысатынын мәлімдеп қойды.

Дональд Трамптың тарифтер жөніндегі бүлігі дәл іргесіндегі баяғыдан бергі көршісі Канаданы да қатты қапаландырып жатыр. Үйеңкі жапырағы елі де бұған жауап қайтармақшы болып отыр. Түстіктегі қоңсысы Мексика да осындай пиғылды ұстанды.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button