Мәскеуде «авторитеттің» өлтірілуі Ресейді не күтіп тұрғанын көрсетті

МӘСКЕУ. 4 ақпан. Кремльді қалада қылмыс әлемі серкелері бірінің жарылыспен өлтірілуі Ресейде азамат соғысының жақындап келе жатқанын аңғартып отыр. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей іс жүзінде азамат соғысының алдында тұр, қазір оның ықтималдылығы өте жоғары, ол билік басынан Путин биліктен кеткеннен кейін бірден бұрқ ете түсіп, бүкіл елді шарпып, бой бермей кетуі мүмкін. Осы тұрғыдан тұспалдағанда, Ресей өзінің XX ғасырдың 20-шы жылдарындағы бұлғағына қайта келетін сияқты. Сол уақытта орыс елі ақ қашқан, қызыл қуған дүрбелеңге ұшырап, біреуді біреу тыңдай қоймайтын хәлге жетіп, кім кімнің жағында екені, кімді кімнің өлтіріп жатқаны белгісіз хаосты – жаппай берекесіздікті бастан кешіп еді…
Ресейдің қылмыс әлемінің танымал серкелерінің бірі Армен «Горловский» Саркисянның өмірін қиған Мәскеу элиталық «Алые паруса» тұрғын үй кешеніндегі жарылыс осыған назар аударуға дабыл қақтыратын белгі болды. Бұдан туатын түйін: Ресей кең ауқымды қылмыстық қырғын шайқастардың қарсаңында тұр. Ал Владимир Путин Кремль басшысы қызметінен кеткен соң елде мұның соңы азаматтық соғысқа ұласып кетуі ғажап емес. Зорлық-зомбылық толқыны, қылмыстық топтар мен сыбайлас жемқорлық күштері елді жаппай қылмыстық есеп айырысулар мен ұрыс қимылдары аймағына айналдырады.
Қылмыс әлемі Мәскеуді іштен күйретеді
Қазір Ресейде «ДХР» деп аталатын жалған автономиялы аймақтың бокс федерациясының басшысы, «АрБат» батальонының негізін қалаушы Армен Саркисянның өліміне қатысты жанжал жалғасып жатыр. 3 ақпан күні таңертең «Алье паруса» элиталық тұрғын үй кешеніне қойылған жарылғыш заттың іске қосылуы салдарынан ауыр жарақат алған 46 жастағы Саркисян жансақтау бөлімінде есін жия алмаған қалпында жаһаннамға аттанып кетті. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, жарылғыш зат залдағы диванның артына қойылған. Алайда, тергеу оны әлі толық анықтай алған жоқ, тексеру жүріп жатыр. Негізі, бұл іске қауіпсіздік күштерінің қатысы болуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.
Ресей криминалды дағдарыстың табалдырығында тұр
Саркисянның зор дүркіреумен өлтірілуі Мәскеудің және бүкіл Ресейдің аумағына қару-жарақтың жаппай тарап кеткенін және қылмыскерлердің тура элиталық тұрғын үй кешендерінің өздерінде бір-бірлерімен есеп айырыса бере алатындарын көрсетті.
Жақында Путиннің билігіне қолдау білдірген құрылымдар енді елді бөлшектеп бөліп тастауға дайын жеке-жеке бандиттерге айналуда. Кавказ топтары, жемқор күштік және қылмыстық кландар Путин биліктен кеткеннен кейін Ресейді іштен жарып жіберетін «термоядролық бомбыға» айналып барады. Әзірге 73 жастағы кәртамыш диктатор өзінің кепілдігіне алған рөлін атқара алып отыр, бірақ ақыры бір оның болмай қоймайтын кетуі «Пандораның жәшігінің» қақпағын ашып тастайды.
Мәскеудегі кісі өлтіру – тек соның басы ғана. 90-шы жылдары онсыз да ТМД елдерінің қылмыс әлемінің ошағы болған Донбассты басып алудың соңы Ресейге сол жақтағы ондаған қылмыскер мен қылмыстық топтар серкелерінің ел ішіне тарап кетуіне жол ашты. Он жылға созылған соғыс өңірді қару-жарақтың қоймасына айналдырып жіберді, енді сондағы қарулар Ресейге де жетіп жатыр. Бұған Ресей армиясын құраған әлденеше мыңдаған солдаттың күні ертең соғыс біткесін елге оралатындарын қосыңыз. Олардың арасында майдан даласына тура түрмеден барғандар да аз емес. Бұл сарбаздардың өздеріне әділдікпен қарауды талап етуге моральдық құқықтары да болады. Ал сол құқықтары аяқ асты етіліп жатқанда, бұлар соғыс барысында алған машықтарына жүгініп, кімді болса да, өлтіре салуға аса қинала қоймайды.
Армен Саркисян кім болды?
«Армен Горловский» деген атпен белгілі Саркисян Украинада туған, бірақ кейін ДХР деп аталатын ресейшіл күштердің негізгі ойыншысына айналды. Ол ДХР бокс федерациясының басшысы және Украинаға қарсы күрескен «АрБат» әскерилендірілген батальонының негізін қалаушы еді. Осыдан-ақ IBA-ның Умар Кремлев басқаратын халықаралық бокс ұйымының төңірегін қылмысты әлемнің қаншалықты ауқымда жаулап алғанын да байқауға болады.
2024 жылдың желтоқсанында Украина қауіпсіздік қызметі оны Ресей ФСБ-мен ауыз жаласқан «қриминалды авторитет» ретінде атап көрсетті.
Ресей қайда бара жатыр?
Егер содырлар мен криминал лидерлеріне жарып жіберу секілді шулыған қастандықтар жасалуы жалғаса берсе, Ресей қылмыс әлемінің нағыз соғыс алаңына айналып кетуі мүмкін. Путин бұған дейін билік тізгініне ие бола отырып, бұл хаосқа да аса жол бермей келіп еді. Бірақ енді ол кетсе болды, бүкіл ел бақылаудан тыс қалып, зорлық-зомбылықтың, жемқорлық пен қылмыстық есеп айырысулардың жетегіне түсіп кететін түрі бар.
Бұдан былай Мәскеудің өзі қауіпсіз қала болу қалпынан қалады. Келесі кезекте дәл осындай кепті Ресейдегі кез келген көше, кез келген үй, кез келген қала бастан кешуі кәдік.