Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Трамп Украинадағы соғысты тоқтату үшін Путинге жеңілдік жасамайды

УАШИНГТОН. 9 қаңтар. Биылғы қаңтардың 20-сында инаугурациясы өткелі тұрған Дональд Трамп Украинаға бейбітшілік әкелу жолында РФ диктаторы Владимир Путиннің ығына жығылмайды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

«АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты мүмкіндігінше тезірек аяқтағысы келеді, бірақ қақтығысты шешу барысында Ресей президенті Владимир Путиннің еркімен кетпейді», деп мәлімдеді Ақ үйдің жақын аралықтағы егесінің Украинадағы арнайы өкілі Кит Келлогг.

«Мен жұрт оның Путинге де, ресейліктерге де бірдеңе беруге тырыспайтынын білуі керек деп ойлаймын. Ол Украинаны құтқарып, оның егемендігін сақтап қалуға күш салады, ол мұның әділ әрі адал орындалғанына көз жеткізгісі келеді», – деді Келлогг Fox News-ке берген сұхбатында. Оның айтуынша, қызметтен кеткен президент Джо Байденнің «ең үлкен қателігі» – Путинмен екі жылдан астам уақытттан бері келіссөз жүргізбегені.

«Трамп әкімшілігі «президентке Украина президенті Владимир Зеленскиймен де, Ресей басшысымен де сөйлесе алатындай жағдай жасауды жоспарлап отыр», – деді Келлогг.

Өкіл сондай-ақ Трамптың 20 қаңтардағы инаугурациясынан кейінгі 100 күн ішінде қақтығысты шешуге тырысу үшін өзіне «жеке және кәсіби» деңгейде мақсат қойып отырғанын айтты. Бұған дейін Трамптың өзі президент қызметіне кіріскесін алты айдың ішінде Украинадағы соғысты тоқтата алатынына үміттенетінін білдірген еді. Сонымен бірге ол Украинаның НАТО-ға кіруіне қарсылық білдірген Ресейді түсінетінін айтты.

Украинаның НАТО-ға кіруден бас тартуы – 2024 жылғы маусымда Путиннің атысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді бастаудағы басты талаптарының бірі. Талаптар арасында Украина әскерін Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон облыстарының басып алынбаған бөліктерінен шығару да бар. Сонымен қатар, Путин Киевтен бұл аймақтар мен Қырымды ресейлік деп тануды, сондай-ақ елдің ядролық емес мәртебесін растауды талап етеді. Желтоқсанда Ресей президенті сол талаптарын тағы да қайталады, бірақ келіссөздер барысында мәмілеге келуге дайын екенін атап өтті.

Зеленский өз кезегінде соғысты дипломатиялық жолмен реттеу үшін Украинаға өзі бақылауындағы аумақтар үшін қауіпсіздік кепілдігі қажет екенін айтты. Сонымен бірге Киев өзінің айырылып қалған аймақтарға деген талаптардан бас тартқысы келмейді.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button