Қазақтың аса көрнекті қаламгері Мұхтар Мағауин өмірден өтті
РОКВИЛЛ. 10 қаңтар. Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауин қайтыс болды. Бұл туралы Inform.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Жазушының ұлы Едіге Мағауин бұл жайында Facebook-тегі парақшасында жазды. «Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55–те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)», – деп атап өтті ол.
Қаламгер 2023 жылдың қыркүйек айында АҚШ-тан Түркияға қоныс аударып, Кемер қаласында тұрып жатыр еді. Бірақ бірер айдан бері өзі бұрын мекен еткен Роквилл қаласында денсаулығы жағдайын тексертіп жүрген болатын.
Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей (қазіргі – Абай) облысы Аягөз ауданының «Баршатас» ауылында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі болып бастаған. 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды. Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. 1984-86 жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1988-2006 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.
Баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған. Филология ғылымының кандидаты (1967) деген ғылыми атағы бар. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болып та қызмет атқарған.
«Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984) атағының, Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997), «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002), Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019) болды.
2006 жылдың желтоқсанында Қазақстаннан Чех Республикасына қоныстанды. Содан бері Чехия, АҚШ, Түркия елдерінде тұрып, шығармашылықпен және ғылыми зерттеулермен айналысты.
Классик жазушының соңында жоғарыда аталған «Аласапыран» дилогиясынан бөлек, «Қобыз сарыны» атты ғылыми монографиясы, «Қазақтың жыраулық мұрасы», «Ғасырлар бедері», «Бес ғасыр жырлайды» әдеби зерттеулері, «Алдаспан» жырлар жинағы, «Көк мұнар», «Тазының өлімі», «Көкбалақ», «Көк кептер», «Шақан Шері», «Қара қыз», «Қыпшақ аруы», «Бір атаның балалары», «Мен», «Жармақ», «Алтын Орда» романдары мен повестері, төрт томдық «Шыңғыс хан» және «Қазақ тарихының әліппесі» секілді тарихи еңбектері, «Ұлтсыздану ұраны» мақалалар жинағы секілді көптеген кітаптары қалды.
Ортамыздан қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген ұлы тұлға, қазақ өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан ұлт жанашыры және патриоты, жан-жақты білгір де білімді ақсақал кетіп бара жатыр.
Ол сыртта жүрсе де, қалың қазақтың арқа сүйер бір қарымды қайраткері еді.
Қош бол, қазақ руханиятының көшелі көсемі! Алла алдыңнан жарылқасын!