Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

The Telegraph: Трамп британ армиясын Украина шекарасына қоймақшы болып отыр

УАШИНГТОН. 9 қараша. Британия армиясы көп ұзамай Украина шекарасының өн бойын жаңалап шеп құрып тұруы мүмкін. Бұл туралы The Telegraph ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

«Британия армиясы Дональд Трамптың соғысты тоқтату жөніндегі жоспарының шеңберінде қауіпсіздіктің1200 шақырымдық буферлі аймағын жасау үшін Украинаға жіберілуі мүмкін», – делінген The Telegraph хабарламасында.

Мұның жай-жапсары Трамптың АҚШ президенті сайлауында жеңіске жеткеннен кейін Украина президенті Володимир Зеленьскиймен телефон арқылы сөйлескен кезінде айтылды. Әңгіме барысында украин лидері «Ресейдің көңілінен шығу Еуропаның өзін өзі өлтіруі» болып шығатынын ескертті.

Трамптың жоспарына сәйкес, майдан шебінің өн бойында демилитаризацияланған аймақ құрылады, ал Украина алдағы 20 жылға дейін НАТО-ға кіру ниетінен бас тартады. АҚШ бұған айырбас ретінде Ресейдің қайта басып кіруіне жол бергізбейтін ядролық бомбадан басқа күшті қару-жарақтар жеткізуді жалғастыра береді. Алайда Құрама Штаттар буферлі аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шекара бойына өз әскерлерін апарып қоюды да, аталмыш миссияны қаржыландыруды да жоспарлап отырған жоқ.

АҚШ-тың өз әскерлерін Украинаға жөнелтпейтінін бұған дейін The Wall Street Journal газеті де жазған еді. Трамп командасы өкіліне сілтеме жасаған мәтбұғат мұның басқаларға тапсырылатынын баяндады. «Оны поляктар, немістер, британиялықтар мен француздар жасасын», – деп атап өтті басылым.

Ұлыбритания қазынашылығының бұрынғы канцлері Джордж Осборн Лондонның АҚШ көмегінсіз Украинаға қолдау көрсетуі қиын болатынын алға тартты. Ал Трамптың бейбіт бітімге келу жөніндегі кез келген ұсынысын тыңдауға дайын екенін білдірген Киев болса, Ресейді кері шегінуге мәжбүр ететін кез келген шешімге тоқтайтынын жеткізді.

Трамп өзінің сайлау алды науқаны кезінде өзі жеңіске жеткен жағдайда Украинадағы соғысты 2025 жылдың қаңтарында өзі қызметіне кіріскенге дейін тоқтата алатынын бірнеше рет мәлімдеген болатын. Осымен бірге ол мұнайдың бағасын барреліне 50 доллардан да төмен түсіріп жіберетінін айтып қорқыта отырып, Путинді өзінің дегеніне көндіре алатынын атап көрсеткен еді.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button