ЕО елдері Украинаға жаңа көмек беруді шешуді кейінге қалдырды

БРЮССЕЛЬ. 17 наурыз. Еуроодақ сыртқы істер министрлері Украинаға жаңа көмек көрсету жөнінде ортақ келісімге келе алмады. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«ЕО елдері Украинаға жаңа көмек көрсетуде кең саяси қолдауға дайын, бірақ оның талдап шешіп алатын көптеген егжей-тегжейлері бар», – деді Эстонияның бұрынғы президенті, одақтың шетел істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас. Еуропа одағы елдері сыртқы істер министрлерінің Брюссельде өткен кездесуінде Украинаға 40 миллиард еуро көлемінде жаңа көмек пакетін беру мәселесінде ортақ келісімге келуде кедергілер кездесті.
Жоғарғы өкіл Кая Калластың айтуынша, Еуроодақ елдері Украинаға жаңа көмек бөлуді саяси жағынан кеңінен қолдайды, бірақ пысықтауды қажет ететін көптеген ұсақ-түйек нәрселер бар. Каллас жақын арада бұл мәселеде ілгерілеушілік болады деп үміттенетінін айтты.
Бұған дейін Кая Каллас Украинаға 20-дан 40 миллиард еуроға дейінгі жаңа әскери көмек пакетін ұсыну туралы бастама көтерген болатын, бұл 2025 жылы олар үшін әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен зымырандарды жеткізуді, сондай-ақ украиналық әскери бригадаларды оқыту мен жабдықтауды қамтуы керек. Сонымен қатар, шамамен 5 миллиард еуро қаржыға 2 миллион артиллериялық снаряд жеткізу қарастырылған.
«20 миллиард – бұл Еуропа одағының 2024 жылы Украинаға бөлген сомасы, 40 миллиард АҚШ-тың 2024 жылы 16 миллиард бөлген көмектен бас тартуының орнын жабады», – деп түсіндірді Еуропа дипломаттарының бірі брифингте. Бұл көмек пакетінің бірінші нұсқасына Венгрия наурыз айының басында тосқауыл қойған, содан кейін Еуроодақ өзін Ресей басқыншылығынан қорғап жатқан Украинаға әскери көмек көрсету үшін ерікті қор құруға кірісті.