Талғар әкімдігі аппараты басшысы Аслан Қасымбаев жұмысынан босатылды
ҚОНАЕВ. 15 қазан. Алматы облысы Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен босатылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сонымен қатар, Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков пен оның орынбасары Айбек Бидаев «сөгіс» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Мұның алдында Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков пен оның орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылған болатын.
Еске сала кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында болған қайғылы жағдай қоғамда үлкен қозғалыс тудырды. Сол түні бұзақылардың беймезгіл уақытта келіп, дүкенде төбелес шығарады. Оларға сол мезетте үш машинамен өздерінің қандыбалақ жолдастары көмекке келеді. Сөйтіп, 13 адамнан құралған топ дүкен егесін ұрыс-соға бастайды. Ал әкесіне ара түскен16 жастағы Шерзат Полатқа қарақшылар пышақ сұғып алады. Соның салдарынан жасөспірім бозбала ауруханаға жетпей үзіледі.
Кейін, 12 қазан күні түнде бұзақылар тобы марқұмның отбасы тұратын үйді өртеп жіберді.
Ақпарат мәнбелері бұлардың бәрі «Хуторлық» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері екенін атап көрсетіп жатыр. Осы қанды оқиғадан кейін әлеуметтік желіде және кейбір ақпарат құралдарында Талғар ауданы әкімдігі аппарат басшысының осы қылмысты жасағандармен байланысы туралы ақпарат тарады.
Аудан әкімдігінің аппарат басшысы Аслан Қасымбаев расында «хуторлықтардың» атаманы Хасан Қасымбаев есімді қылмыстық тұлғаның туған бауыры інісі болып шықты. Сондай-ақ бұлардың туған ағалары – Ержан қылмыстық әрекеттері үшін 14 жылға сотталып, қазір соның жазасын өтеп жатқан көрінеді.