Тоқаевтан марапат алған түркістандық ұстаз көз жасын тыя алмады (видео)
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан марапат алған кезі. Фото: Telegram/Aqorda :
ТҮРКІСТАН. 9 қазан. Мұғалімдер күнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» медалін алған мұғалім көз жасын ерік берді. Бұл туралы nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Түркістан облысында тұратын мұғалім Әбибулла Жакудаевты әуежайда жерлестері, әріптестері мен шәкірттері зор құрмет көрсетіп, күтіп алу сәтінде орын алған осы көрініс түсірілген видео артынша әлеуметтік желіде тарады.
Білім саласында 40 жылдан бері қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан 58 жастағы ұстаз мұны осы кезге дейін өмірде көрген барлық қиындықтары бірден еске түгел түсіп кеткендіктен, өз эмоциясын ұстап тұра алмағанымен түсіндірді.
Ол облыстың Ордабасы ауданындағы ШоқанУәлиханов атындағы мектеп-гимназияда ағылшын тілінен сабақ беріп келеді.
«21 жыл бұрын өмірлік серігімнен айырылдым. Сөйтіп, жәутеңдеп қалған екі қызымды бір өзім жетімсіретпей өсірдім. Үйімдегі әйелдің де, еркектің де тірлігін істеп, екінші рет үйленгем жоқ. Артынан ата-анам да бақилық болды. Әпкем мен қарындасым да жолдастарынан айырылды. Содан соң оларға да арқасүйер болдым. Үйдің үлкені болғандықтықтан, қара шаңырақтағы ініме де қарайласып тұрдым. Көрген осыншама қиыншылықтың бәрі Президенттен марапат алар күні, одан кейін де шер болып сыртқа шықты ғой деймін», – деді Әбибулла Жакудаев.
Ордабасылық ұстаздың өмірде көрген сынағы шынында аз емес екен. 1983 жылы мектепті үздік аяқтаған ол Алматыдағы Абылайхан атындағы шет тілдері институтына грантқа түседі. Бірақ сол кездегі белең алған бұзақылықты естіген әкесі ұлын ауылына қайтарып алады. Сосын сырттай бөлімге еріксіз ауысқан азамат ізденісті тоқтатпадым дейді.
«Ауылдағы мұғалімдердің мазасын алатынмын. Ағылшын тілін жетік үйретсін деп үйлеріне баратынмын. Мектепке сол 1983 жылы-ақ жұмысқа кірдім. Алғашқы үш жыл мен үшін оңай болған жоқ. Әдістемені білмеймін, балаға сабақ өтуге қорқамын. Бар жиған-тергенімді білім алуға жұмсадым. Қаладағы семинар, курстың ешқайсысынан қалмайтынмын. Содан бері қырық жыл өтіпті. Осы уақытқа дейін оқушыларыммен барған байқаулардың саны 500-ден асады», – дейді мұғалім.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Абибулла Жакудаев. Фото: жеке мұрағатынан
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мектеп түлектерімен әлі күнге дейін байланысын үзбеген. Өзінің айтуынша, оқытқан оқушыларының көбі шет тілінде жоғары білім алуды таңдаған. Олардың алды 40 жастан асыпты. Қазір бірі Дубайда, тағы бірі Малайзияда, Катарда, Австрияда, АҚШ-та тұрып жатқан көрінеді.
«Екі қызым да ағылшын тілін таңдады. Үлкені 30 жаста болса, екіншісі 23-те. Тұңғышым Дубайда тұрады. Үш немерем бар. Күйеу балам екеуі аудармашы болып жұмыс істейді. Олар кейде мені оқушыларымнан қызғанады. Шәкірттерімді өз қыздарымнан кем көрмеймін. Құшақтаймын, еркелетемін, кейде ұрысып та аламын. Шүкір, қазір 50-ден аса шәкіртім шетелде оқып жатыр», – дейді Әбибулла.
Ауылда жүріп, талай баланың шетел асуына септігі тиген ұстаз өзін Астана, Алматы, Шымкенттегі жоғары оқу орындары жұмыс істеуге шақырғанын айтады. Облыс әкімінің өзі директор қызметін ұсынған екен. Алайда балаға білім беру басты миссиям дейді мұғалім.
«Біліктілігін жетілдіргісі келген кей мұғалімдер мені іздеп үйіме де келеді. Сиыр сауып жүріп сабақ өтетінім де бар. Олар оқушыларыммен бір жылда 10-20 байқауға қатысатыныма таң қалады. Байқау, семинар дегенді жаным сүйеді», – дейді ұстаз.
Әбибулла ағай алты жыл бұрын инсульт алған. Содан бері оң жақ аяқ-қолы әлсіреп, үшінші топ мүгедегі атаныпты. Денсаулықтың сыр беруі де мұғалімді тоқтата алмаған. Керісінше сабақ өтпесем ауырып қаламын дейді ұстаз.
«Жұмыста аяқтан шалу аз болмады. Адамның құлатқаны ештеңе емес, құдай құлатпаса болғаны. Алты жыл бұрын жүрегім ауырып, оң жақ бетім істемей қалды. Содан бері сол қолмен жазуды үйрендім. 46 жасымда магистратураға түстім. Диссертация қорғап алған магистр атағым да бар. Бала-шағамды баршылықта өсірдім деп айта алмаймын. Байлыққа ұмтылғам жоқ. Өмірімнің мәні педагогика болды», – дейді Әбибулла Жакудаев.
Ауылдағы қара домалақтарды шет тіліне үйіріп, үйретіп жүрген ұстаз төрт жыл бұрын министрдің қолынан «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін де алған. «Қазақстанның құрметті ұстазы» медалі де Әбибулла Жакудаевтың Президенттен алған жалғыз марапаты емес. Бес жыл бұрын да Мемлекет басшысының құттықтауына ие болған.