Шымкент қаласы экс-прокурорының інісіне іздеу жарияланды
ШЫМКЕНТ. 16 шілде. Шымкент қаласының бұрынғы прокурорының інісіне іздеу жарияланды. Бұл туралы Zakon.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласының бұрынғы прокуроры Мақсат Қожабаевтың (суретте) туған інісі Дәуренбек Қожабаевты іздестіріп жатыр.
«ҚР ҚК-нің 366-бабы 4-бөлігімен көзделген қылмыс жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген ҚР азаматына іздеу салды», – делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, Дәуренбек Аманқұлұлы Қожабаев 16.10.1978 жылы туған.
«Іздеу салынған адам анықталған жағдайда немесе оның болуы ықтимал орны туралы қандай да бір ақпарат алынған кезде, агенттікке мына телефондар арқылы: 1424 – Call-орталыққа, 8 (7172) 90-92-60 (Кезекші бөлім), 8-701-972-06-05, 8-775-934-63-33, хабарлау қажет», – деп атап көрссетеді Антикор.
Іздеуде жүрген адамды ұстауға ықпал ететін ақпарат бергені үшін сыйақы және анонимділік тұрғысынан кепілдік беріледі.
Ал «Шымкент қаласының бұрынғы прокуроры» ретінде аталып отырған Мақсат Аманқұлұлы Қожабаев (13.03.1974) Түркістан облысының Келес ауданында туған, прокуратура және сыбайлас жемқорлық саласында көптеген жылдар бойы қызмет атқарған. Ол 2023 жылы қараша айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агеттігі басшысының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген кезінде айрықша ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін 5,5 жылға түрмеде отыру жазасын алған. Бұған дейін Шымкент прокуратурасында еңбек жолын бастаған ол бұдан кейін Түркістан қаласы прокурорының орынбасары, Сарыағаш ауданының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Қызылорда облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, Жамбыл облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, Шымкент қаласының прокуроры секілді жоғары лауазымды қыэметтерді атқарған.