Қызылорда қаласындағы субұрқақта қырынып жүрген ер адам кім?
ҚЫЗЫЛОРДА. 16 шілде. Кешелі бері әлеуметтік желіде Қызылорда қаласындағы субұрқақтардың бірінде бетін жуып, ұстарамен қырынып тұрған кісінің видеосы тарады. Бұл туралы Azattyq Rýhy ақпарына сүйенген rast хабарлайды.
Ресурс жариялаған мәтінде бұл кісінің мұндай әрекетке не үшін барғаны белгісіз екені айтылады.
«Қызылордада субұрқақта жуынып, қырынған ер адам видеоға түсіп қалды. Желі пайдаланушылары қала тұрғынының бұл әрекетін айыптады», – делінген хабарламада.
Видео әуелі Instagram-дағы парақшаның біріне жарияланған. Онда бір ер адамның ұстараны фонтан суына шайып, қырынып жатқаны көрініп тұр.
Желі қолданушылардың біразы бұл адамды үй-күйсіз жүрген біреу шығар деген ұйғарымға келді. Онда жазылған комменттер арасында «Мүмкін ол үйсіз шығар?», «Қоғамдық дәретханалар ақылы ма?», «Жеке гигиенаны сақтау керек, жарайсың» деген секілді жолдар кездеседі.