АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Қостанай облысының әкімі сөзінде тұрмады: Қызбелге әлі асфальт барған жоқ

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өткен жылдың соңында Жанкелдин ауданында өткізген актив жиналысында 2024 жылы «Тоқанайдан» «Қызбел» аулына шекті тасжол төселетінін айтып, дүйім елді бір қуандырып тастап еді. Жақсы жаңалыққа жұрт кәдімгідей шаттанып, бір-бірлерінен сүйінші сұрасып, мәре-сәре болып қалған-тын.

Айтары жоқ, ақ түйенің қарны жарылардай бұл қуанышқа ауыл, аудан былай тұрсын, күллі ел елең етісті. Оның да реті, жөні бар еді. Себебі, 2025 жылы Алаш арысы, халқын қараңғылықтан оянуға үндеген, бүгінгі тәуелсіздік үшін жанын пида еткен Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толады.

Айтулы Алаш тойы болғасын жан-жақтан, тіпті алыс шетелдерден де қонақтар ағылатыны белгілі. Сонда меймандарымыз бүгінгі кеспірсіз жолдың сиқынан сан соғып, арба сынатын шоқалағынан шошынып жатса, ұлттық намысымызға одан бетер дақ, көлеңке түсіріп алатынымыз кәдік қой.

Былайынша, тасжол түсетін жер онша алыс та, шұбалаңқы да емес. Арқалық –Торғай автомобиль трассасындағы Тоқанай елді мекенінен оңға бұрылатын жердегі Қызбел ауылына дейін 49 шақырым көтерме жол тартылған. Одан әрі Міржақып Дулатұлы атындағы «Бидайық» ауылына дейін – бар-жоғы 39 шақырым. Міне, осында 1992 жылғы қыркүйектің алғашқы 18 күнінде еңку-еңку жер шалып, Карелияның Сосновец стансасы маңындағы зираттан 57 жыл мәңгілік тыныстап жатқан Міржақып сүйегін қазып алып, осы «Бидайыққа» (дұрысында, анық кіндік қаны тамған жері – «Тоқанай – Қызбел» жолының бойындағы, қазір арнайы белгі қойылған «Асқар күздігі» деген жер еді) әкеліп, жалғыз қызы Гүлнәр апайдың дауыс салуымен қайта жерлеген едік. «Egemen Qazaqstan»-ның бұрынғы Торғай облысы бойынша меншікті тілшісі ретінде осы арнайы құрылған экспедицияға қатысып, қаралы сапар жағдайын жалпақ қазақ еліне газет арқылы баяндап отырғанбыз. Ол тұстағы басшымыз Шерхан Мұртаза еді, жазғанымызды әр нөмірге өзі оқып салып, «жаз, үзбей жаза түс» деп қамшылап қоятын. Жаздық, түбі өзге толықтырулармен «Міржақыптың оралуы» деген атпен қазақ, орыс тілдерінде кітап болып та шықты ол хикаятымыз. Мұны мақтан үшін емес, Міржақыбын халқы одан әрі жақсы біле түссін деген ниетпен айтып отырмыз. Әйтсе де, Алаш арысының сүйегі қайда жатқанынан әлі де бейхабар қазақ барына көзіміз жетіп жүргендіктен де жанымыз сыздайтынын жасырмайықшы.

Бүгіндері он үш түтіні ғана бар «Бидайық» аулында (бұрын бақандай кеңшар орталығы болатын) Міржақыптың кесенесі мен шағын музейі орналасқан. Бұлардың бүгінгі жай-күйіне қатысты ұзаққа шығандайтын шұбырмалы да проблемалық әңгімемізді әзірге тыя отырып, тек жол мәселесін айтып көрелік.

Сонымен, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың былтырғы сөзін жұтып, аудандық активте асфальт төсейміз деген уәдесінен тайқып кеткені қазір жанымызды аяздай қариды. Бастапқы жоба өзгерген секілді. Тоқанайдан басталатын 15 шақырым жол учаскесі жеңіл жөнделіп, сол күйінде қалады екен. Одан арғы «Қызбелге» дейінгі 34 шақырым екі бөлікпен тендер арқылы ұтысқа қойылатын тәрізді. Яғни мұның 15 шақырымын қазір «Бақжол» ЖШС иеленіп, ұсақ тас-топырақпен көтерме жол тартпақ. Қалған 19 шақырымы облыстың бюджеттік өтінім сараптамасынан өткізілу сатысында тұрған көрінеді. Сосын барып жалпы үміткерлер арасынан лайықтысы анықталады. Ал «Қызбелден» арғы «Бидайық» ауылына дейінгі 39 шақырым көтерме жол жеңіл-желпі жөндеуден өткізілмекші екен. Қырнап-сырнап дегендей.

Осы ауылдарға жақында ғана барып келгендіктен, жол жағдайы алақанымыздағыдай белгілі еді. Биылғы су тасқынынан әлденеше жерінен жырылып, қатынас ұзақ уақыт тоқтап қалды да, кейін бүтінделген тұстарының өзі апан шұңқырланып, сәл жаңбыр жауса, енсіз табанынан тайқып кету зобалаңын тудыратын өте қауіпті жол бұл. Жолдың қос қапталдарынан теңіздей жарқырап жайылған су алабы да әлі тартыла қоймаған. Су аралында қалған Қызбелге жаңалап жол тартудың, жай көтерме жол емес, асфальт төсеудің маңызы тіптен ерекше екені түсінікті.

Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспановтың айтуынша, осы аралық жолына ұсақ тас-топырақ төселіп, көтерме жасалады. Ойпаң тұстарынан суағарлар қойылады. Сонымен «іс бітті, қу кетті»-ге сайғалы тұрғандай. Биіктетіле, жондандыра түсіп, сапалы етіп мықты тартылатын асфальт жол түске де енбейтіндей, сірә.

Биылғы сәуірде Қостанай облысына жасаған сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Келесі жылы Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған іс-шараларға қатысу үшін Арқалық қаласына баруды жоспарлап отырмын», деп ашып айтқан еді («Egemen Qazaqstan», 17 сәуір, 2024 ж.). Президенттің «Бидайық» жаққа жолы түсе қалмасына кім кепіл?

Ұзын сөздің тобықтай түйіні – асфальт керек! Тойға ағылатын меймандардан кейістік болмауы тиіс. Міржақыптың «оянған қазақтары» қайда?» деп дүдәмал күйге түспес үшін де намысқа басып асфальт тартылғаны жөн! Облыс әкімі нендей үн қатар екен, халықтың бұл жанайқайына, өзекжарды өтінішіне?!

Қайсар ӘЛІМ,

журналист-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Қостанай облысы,

Жанкелдин ауданы

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button