Өлімнен өнерімен аман қалған
Бұл мақаланы 2015 жылы Мемлекет тарихы институтының доценті Күлпаш Ілиясовадан алған деректің негізінде жазған едік. Ол ғылыми іссапармен Түркияға барғанда, Ыстамбұлдағы «Түрік дүниесін зерттеу қорының» басшысы Саадет Пынар, қордың бөлім меңгерушісі Мeтин Көсе жəне Алшынбай Тұртановтың көмегімен ақсақалға жолығыпты. Сонымен… Бұл ағамыздың есімі Əлім Алмат (шын есімі Ғалымжан Əпсалямов). Сол кезде жасы 98-де, Ыстамбұл қаласында тұратын еді…
«Адамның басы – Алланың добы» деген емес пе, Алла жазса, адам не көрмес, неге көнбес дейсің? Ұлы Жеңіске 70 жыл болса да соғыстың ең алдыңғы айларында тұтқынға түсіп, одан аман қалған, одан бірнеше шетелде тұрып, ақыры Түркияға келіп тұрақтап, əлі күнге аман отырған бір қазақ бар. Төменде сол кісі туралы соңғы деректерді жазғалы отырмыз. Кезінде Қасымхан Бегманов, Бақыт Садықова, Əкім Тарази жəне т.б. ол кісі туралы жазған. К.Ілиясованың əкелгені ең соңғы жаңалықтары. Дегенмен, оның кім екенін, қайдан шыққанын, өмір жолының қалай шиырланғанын қысқаша айта кетейік. Білетіндер болса – естеріне түсірсін, білмегендер – біле берсін.
Əлім Алмат – Ақтөбе облысы Ырғыз өңірінің тумасы. Жасынан өнерге бейім болған, сондықтан оны нағашысы Темірбек Жүргенов (атақты нарком Темкең) Алматыға алдырып, музыкалық училищенің скрипкашылар дайындайтын бөліміне түсіреді. Ол кезде Алматыда (30-шы жылдардың ортасынан бастап) түрлі себептермен орталықтан қуылған еврей ұлтының өнерпаздары, музыканттары көп болған. Солардың бірі – Иосиф Лесман Əлімді тамаша скрипкашы етіп дайындайды. Қазақтың одан кейінгі атақты скрипкашысы Айткеш Толғанбаев өзінің бір естелігінде жоғары курста оқыған Əлім өзіне көп нəрсе үйреткені туралы жазады. Осы училищеде Əлекең батыстық музыка өнерін біршама меңгеріп, опера, симфония, оратория, балет шығармаларында үздік өнер таныта біледі. 1939 жылы училищені жақсы бітірген Əлімді əскерге əкетеді. Ол кезде əскерден алып қалу мүмкін болмағаны ғой, əйтпесе қаны жерге тамбайтын білікті музыканттар өнерге де керек еді ғой.
Ұлы Отан соғысына Əлім Алмат Брест-Литовскідегі əскери міндетін атқарып жүргенде кіріседі. Бұл қорған-қала кейін айрықша дəріптелгенімен үлкен əскери бөлімдер осы жерде де соғыстың алғашқы айларында қоршауда қалып, тұтқынға түскен. Əлекең өзінің бастан кешкен оқиғаларын кейін түрік азаматы Тарик Минкрынға айтып отырып, жаздырған екен. Соның нəтижесінде «Жолдас Əлімнің дəптері» (Tarik Minkari. Yoldas Alimin defteri. Istanbul, 1999.) атты алақандай кітапша өмірге келіпті. Осы кітапшадағы кейбір деректерге қарағанда адамның төбе шашы тік тұрады. Мəселен, 1941 жылдың шілдесінде ол неміс лагеріне жеткізілген 80 мың адамның 77 мыңы қырылғанын айтады. Соның көбі аштықтан, аурудан қырылыпты. «Өлмегенге өлі балық кездеседі» деген емес пе, мұнда Əлімнің музыкант екені білініп, оған офицерлер неміс композиторларының шығармаларын ойнатады. Алыста жүрген адамға туған елдің музыкасынан жақын ешнəрсе жоқ, оқ пен оттың ортасында жүрген неміс офицерлері де өздерінің туғаннан жадына сіңірілген тамаша əуендерін естіп, естері шығып қалады. Жəне оны орындаған ешқандай еуропалық емес, азиялық азамат болғаны да олардың қызығушылығын арттыра түседі. Осы арада поляк режиссері Роман Полянскийдің еврей музыканты В.Шпильманның өмірінен түсірілген «Пианист» фильмі ойға оралады. Онда да еврейдің бəрін қырып жүрген неміс офицері И.Бахтың шығармаларын орындаған «ата жауына» мейірімділік көрсетіп, өлтірмек түгіл, оны асырап, жасырып тамақ таситын еді. Бəлки, өзінің өнерімен өлімнен қалған Əлім сияқты қазақ музыканты туралы да бір замандарда фильм түсірілер…
Сөйтіп, Əлім Алмат Түркістан легионы қатарына тартылады. Немістер өнерлі адамдарды бағалай білетін халық екенін көрсетіп, осында болған кейбір шығармашыл азаматтардың кітаптарын шығаруына да мұрсат бергенін білеміз. Мысалы, біздің жерлесіміз, ақын Хамза Абдуллин «Сайран» деген бүркеншік атпен алғашқы өлеңдер жинағын осында шығарған. Ал Əлімді неміс командованиесі 1943 жылы Берлин консерваториясына оқуға жібереді. Оның үстіне, айына 150 дойчмарка көлемінде шәкіртақы да төлеп тұрады. Тіпті, паспорт беріп, азаматтық та алып береді. Ал керек болса… Өнерді бағалау деген осындай-ақ болар. Ал кеңестік, НКВД фашистері бұлай етпек түгілі, өнерлі адамды алдымен құртқан болар еді.
1945 жылы Кеңес əскерлері Берлинге төніп келгенде бұлардың консерваториясы бомбаның астында қалады. Əлім Австрияның астанасы Венаның консерваториясына барып, оқуын жалғастырады. Сөйтіп, қазақ ұланы дүниежүзілік соғыс болып жатқанда əлемге Л.Бетховен, В-А.Моцарт, Й.Гайдн, Ф.Шуберт, И.Штраусс жəне т.б. ұлы композиторларды берген елде, солардың ізімен музаның жолын қуып, музыкалық қабілетін шыңдаған екен. Осының өзі-ақ керемет оқиға емес пе? Алайда Əлім консерваторияны мұнда да бітіре алмайды. 1946 жылы ол Парижге барып, Мұстафа Шоқайдың жары Марияны паналайды. Мария Шоқайдың өзі бұл туралы: «…Германиядан скрипкашы Əлім Алмат келді… Соғыстың кесірінен оқуын аяқтай алмапты. Мен оны Париждегі Рахманинов атындағы консерваторияға енгіздім» деп жазған. (Б. Садықова. «Я пишу Вам из Ножана». Алматы, 2001. 126-137-бб).
Осы арада айта кететін бір жайт бар. Жалпы, түркі əлеміне ортақ тұлға Мұстафа Шоқайдың мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, бүгінгі ұрпағына жеткізу үшін аянбай тер төккен Мария Шоқайдың Шелль қаласындағы зиратының сақталу мерзімін одан əрі ұзартуға қаржылай демеушілік көрсеткен Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, саясаттанушы Мұрат Бақтиярұлы екенін көп адам біле бермейді. Нағыз азаматтық деп осындайды айту керек қой. Əйтпесе, Марияның зиратын, өздерінің заңдары бойынша, 50 жыл толғандықтан сырып тастамақ болған екен.
Əлім Алматтың өзі 1950 жылдың 28 қыркүйегінде Түркияға жетеді. Өзі бұл туралы: «Соғыс біткен соң діні, тілі, ділі бір туысқан Түркияға кетуге тырыстым. Алдымен Парижге бардым. Түркия елшісінің құзырына шығып, тілегімді айтып едім, ол мысқылдап «жақсы, бірақ сен ол жақта аштан өліп қалма», деді. Алайда… көмегін берді, виза алдым», деп еске алады. Түркияға келген соң ағамыздың жолы ашылып, Еуропада алған білімі кəдеге асады. Осында қызметке тұрып, көп кешікпей Идил деген татар қызына үйленеді. 1954 жылы Төре есімді ұл баласы да өмірге келіп, бейбіт замандағы жаңа өмірі жалғасады. Баласының есімін атасы Төремұраттың құрметіне Төре деп қойған екен. Өзі Түрік мемлекеттік оркестрінің құрамына қабылданып, оның сапында 25 жылдай еңбек етіпті. Қазір ақсақалдың екі немересі бар, олардың бірі Швейцарияда, бірі Голландияда еңбек етеді.
Заман өзгерді, ел кенелді, төл теңелді дегендей, Қазақстан өзінің тəуелсіздігін алды. Елбасының осы кездегі ең бірінші болып қолға алған халықаралық шарасы – дүниежүзі қазақтарының басын қосу болды. Бұл шараның маңыздылығы қазіргі қазақтар түгіл мыңжылдық ұрпақтарға жететіні сөзсіз. Өйткені, дүниеге тарыдай шашылып қалған ұлттың басы қосылып, көк байрағы көкке көтерілгенін көргеннен артық бақыт болуы мүмкін емес. Əлім Алмат ағамыз да келіпті сол тойға. Туған жерге 53 жылдан кейін табаны тиген ағамыздың қуанышын, толғанысын сезіну үшін үлкен ақындық жүрек керек… Əлекең сол сапарында туған жері Ырғызға да барып қайтыпты. Алайда, «50 жылда ел жаңа» деген емес пе, ол жақын туыстарын таба алмаған екен. Содан, тумаса да туғандай болған екінші Отаны – Түркияға қайтып барып, əлі күнге сонда тұрып жатыр.
Бізге Əлекең туралы осы, соңғы хабарды жеткізген Күлпаш Ілиясова екенін жоғарыда айттық. Ол кісі ағамызбен екі сағат əңгімелесіп, көп жаңалығына қаныққан екен. Тек… оның өмір бойы музыкант болғанда өзінің шығарған туындылары туралы білмепті. Ағамыз бұл тақырыпты сұрағанда тайқақсып, тура жауап бермеген екен. Соған қарағанда, бір сыры бар сияқты. Қазақ сияқты өнерге жақын, шығармашыл халықтың өкілі əрі өмір бойы музыкамен айналысқан адамның өзінің төл туындылары болмауы мүмкін емес қой…
Жақсыбай САМРАТ
2015 жыл