АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Ақбота Назарбаева үш министрдің кезінде де айылын жиған жоқ

Ал оның меншігіндегі Ақсай бөгеті Алматыға қауіп төндіріп тұр

Бұрынғы президенттің інісі Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаеваға қатысы бар «TOLAGAI-2050» құрылыс компаниясы Алматыда өзі салған Ақсай бөгетінде өрескел заң бұзушылықтар орын алғанына қарамастан, оны мемлекет меншігіне өткізбекші болған.

Құрылысқа тапсырыс берген «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі нысанды олқылықтары болса да қабылдап алған. Бұл туралы кеше әлеуметтік желілер арқылы депутат Сергей Пономарев айтып, дабыл қақты. Бөгет 22 млрд теңгеге салынған, қаржы республикалық бюджеттен бөлінген. 

Ақсай өзені – Алматыдағы сел қаупі бар өзендердің бірі. Сондықтан бөгет Алматыдағы Наурызбай ауданын ғана емес, Алматы облысының Қарасай ауданын да селден қорғау үшін салынған. Ақсай өзені сел қауіптілігінің бірінші санатына жатады, оның жоғарғы ағысында 18 қауіпті аумақ, 25 мұздық, 16 кіші көл бар. Жалпы селден 30-50 мыңға дейін адам зардап шегуі мүмкін. Бұл бөгет 100 мың адамды сумен қамтамасыз ету үшін де қажет. Бөгеттің талапқа толық сай болмауынан қазіргі күнде сарапшылар бір шешімге келе алмай отыр. Енді «TOLAGAI-2050» компаниясы оны мемлекеттік балансқа бере алмайды. Іс сотқа өтіп, келісімшарт тоқтатылған.

«22 миллиард теңге жұмсалған жоба өрескел заң бұзушылықтарға жол берген. Негізгі мәселе – бөлек болуы керек бөгеттің су ағарлары бірігіп кеткен. Қабылданған жұмыстың құны 3 млрд теңге. Бөгетті Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі қабылдап алған. Алайда мемлекеттік сараптама нысанды қабылдамайды. Бөгетке қыруар қаржы жұмсалғанын ескерсек, бұл жобаны мемлекет балансына қабылдау мүмкін емес. Объектіні мемлекет балансына қабылдау мәселесі үкіметтің шешімін талап етуі мүмкін» деді депутат Сергей Пономарев өзінің мәлімдемесінде.

Бөгеттің құрылысында олқылықтар бары сәуір айында белгілі болған. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Ақсай өзеніндегі селден қорғайтын бөгетті тексеру барысында мердігер нысанның құрылысы кезінде міндеттемелерін орындамағанын анықтаған. Кейіннен ТЖМ Ақсай бөгетіне қатысты мәлімдеме жасап, Алматының 30 мыңға жуық тұрғынының өміріне қауіп төніп тұрғанын хабарлады. Содан кейін «Қазселденқорғау» мекемесі де бұл іске қатысты мәлімдеме жасады. Олар бөгетке жиналған судың бұзып кету қаупі жоқ екенін айтты. Бірақ ведомство басшысы Арман Ахметов ТЖМ-ның «30 мың адамның өміріне қауіп төніп тұр» деген сөзін жоққа шығармады. Мекеме аяқталмаған құрылыс кесірінен жиналған су бөгетті жарып өтіп, сел туғызу қаупі барын хабарлаған. Қазіргі күнде ТЖМ мекемесі мен компания соттасып жатыр.

Ақсай бөгетінің құрылысы қашан басталды?

Ақсай бөгетінің құрылысы 2020 жылы басталған. Жобаны «ҚазГидро» ЖШС әзірлеп, құрылысқа «Толағай-2050» ЖШС тікелей атсалысқан. Сол жылы «Толағай-2050» мен «Казселденқорғау» мекемесі арасында Ақсай өзені бассейнінде селді ұстау бөгетінің құрылысына қатысты келісімшарт жасалған. Алғашқыда сома 17,1 млрд теңгені құраған. Бірақ 2021 жылы бағаның өзгеруіне байланысты бөгет құрылысының бағасы 22 млрд теңгеге дейін өскен. Жоба келісім бойынша 2023 жылдың желтоқсан айында аяқталуы керек еді. Бірақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы 2023 жылдың сәуірінде құрылысты тоқтатқан. Себебі, аяқталған құрылыс-монтаж жұмыстары мен мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттама бір-біріне сәйкес келмеген. Сол жылдың тамыз айында тапсырыс беруші келісімшартты біржақты тәртіппен бұзған. Жұмыстың 85 пайызын орындаған мердігер келісімшартты бұзуды «заңсыз» деп, сотқа жүгінген. Құрылыс компаниясы сотқа бөгеттің біткен құрылысын «Қазселденқорғау» мекемесі қабылдап алғанын, тексеру жүргізілген кезінде де ешқандай заңбұзушылық анықталмағанын алға тартқан. Бірақ сот компанияның арызын қанағаттандырмаған. Содан кейін қаржы мониторингі агенттігі «Толағай-2050» ЖШС жауапты тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша тексеруді бастаған. Бөгет құрылысы кезінде шығынның алдын ала сомасы 775 миллион теңгеден асады.

TOLAGAI-2050 ЖШС қандай компания?

Компания Қонаев қаласының тіркеу және жер кадастры бөлімінде алғаш рет 2001 жылы, 4 қаңтарда тіркеуден өткен. Кейіннен 2022 жылы қаңтарда қайта тіркелген. 2023 жылы 30 қарашадан бастап директоры Қанат Нышанов. Қазіргі күнде құрылтайшысы жалғыз – Оразхан Жанысбеков. Ақбота Назарбаева құрылтай құрамынан 2022 жылы ақпан айында шығып кеткен. Мекенжайы – Қонаев қаласы, Спутник 96. Кәсіпорынның қаржы айналымы 2020 жылдан бері үздіксіз өсіп отырған. Мысалы, 2020 жылы қаржы айналымы – 27 389 878 263 теңге болса, 2021 жылы – 46 515 358 210, 2022 жылы – 86 548 848 000 теңге, 2023 жылы 58 574 312 210 теңге болған.

Былтырғы төлеген салығы – 1 774 232 422 теңге. Осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына 5 млрд-қа жуық қаржы аударған. 2018 жылдан бері мемлекеттен 208 тендер алып орындаған. Мысалы, 2022 жылы мемлекеттен 55 860 769 077 теңгеге 60 келісімшарт алған.

Құрылыс компаниясына қатысты туып отырған дау бір бұл емес. Былтыр желтоқсан айында мәжіліс депутаттары бас прокурор Берік Асыловтан «Толағай-2050» компаниясын тексеруді сұраған. Себебі компания жалпы құны 40,4 млрд теңге болатын 15 шекара заставасының құрылысы бойынша тендерді жеңіп алып, бірақ нысандарды уақытында мемлекетке тапсырмаған. 2023 жылы компания 13,96 млрд теңгені немесе жалпы келісімшарт сомасының 35 пайызын ғана игерген. Кейіннен нысандарды толық тапсыру үшін тағы да 9 ай мерзім сұраған. Бұдан бөлек, компания бірнеше миллиард теңгелік келісімшарттарды жыл сайын алып отыратынын жоғарыда жаздық. Бірақ көп жағдайда ісі сотқа өтіп отырған. Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, компания 80-нен астам азаматтық және әкімшілік істерге қатысты сотқа берілген. Оның оннан астамы 2023 жылы болған. Сондықтан сот компанияны былтыр «міндеттерін адал орындамайтын кәсіпорын» деп таныған.

Бөгетті су бұзып өтсе 30 мың адамға емес, Алматының жартысына қауіп төнуі мүмкін

ТЖМ «қазіргі күнде 30 мың тұрғынға қауіп төніп тұр» деді, яғни бөгет жарылса біршама үйді су шайып кету қаупі бар деген сөз. Сондықтан «Жас Алаш» тілшісі ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевтен Ақсай бөгеті жарылса қандай қауіп болуы мүмкін екенін сұрады.

«Егер сіз айтып отырғандай, бөгеттің биіктігі 75 метр, сел қоймасының көлемі 7 миллион куб.метр болатын болса нысанның қауіптілігі бірінші санатқа жатады. Өйткені 7 млн деген өте көп су, ойыншық емес. Оны көзге елестетудің өзі қиын. Құдай бетін ары қылсын. Ондай көлемдегі суды ұстап қалу қиын. Егер су бөгетті бұзып өтетін болса, 30 мың емес, Алматының жартысы су астында қалуы мүмкін. Судың қысымына, ағысына байланысты суағарлар салынады. Олар судың қысымын реттеп отырады. Біздің су қоймаларымызды салыстырып қарасаң, әрқайсысының суды реттейтін суағарлары бар. Бірақ Ақсай су бөгеті суағарының көлемін мен көрген жоқпын, сондықтан кесіп бірдеңе айта алмаймын. Бірақ мұндай су ағарлардың көлемі кез келген бөгетте өте маңызды. Оның көлемі су бөгетінің жағдайына жауап береді», – дейді Ислам Әбішев.

Бұл келісімшарт мемлекеттік сатып алу сайтына 2020 жылы 30 қыркүйекте жарияланған. Ол кезде төтенше жағдай министрі Юрий Ильин еді. Ол министрлікті 2023 жылдың маусымына дейін басқарды. Ильин 3 жылда бөгет сапасына қатысты ләм-мим демеген. Одан кейін бұл қызметке келген Сырым Шәріпханов та Назарбаеваның компаниясы туралы, оның заңсыз әрекеті туралы жақ ашпастан кетті. Оның ізін баса келген Шыңғыс Әрінов те Назарбаеваның компаниясына қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Бәлкім, Назарбаевтардың дәуірі өткен кезеңді пайдаланып, батыр атануға, Болат Назарбаевтың қызының заңсыз әрекетін әшкерелеп, соншама жұртты тасқыннан аман алып қалуға мүмкіндік туып тұрғанын түсініп, төтен іске кірісіп жатқан болар, сәттілік тілейміз.

Айтпақшы, осы аралықта «Қазселденқорғау» мекемесінің басшылары да бірнеше рет ауысқан. Мысалы, 2019 жылы тамызда Кәрім Көкірекбаев мекемеге басшы болып тағайындалған. Бірақ 2022 жылы 27 желтоқсанда 800 мың доллар шамасында пара алу кезінде ұсталған. Оны тұтқындағанда 396 млн теңге тәркіленген. Ол орынбасары Әділет Ахатаевпен бірге қамалды. Көкірекбаевтың орынбасары 11 жылға сотталды да, өзі биыл маусым айында ақталып шықты. Одан кейін 2023 жылдың қаңтар айында мекемеге Қайрат Бекенов басшы етіп тағайындалған. Бірақ көп өтпей, 11 айдан соң босатылып, орнына мекемеге басшы болып Арман Ахметов келген.

P.S. Су бөгеті жарылса оның салдары қандай болатынын білеміз. Көпшіліктің есінен 2010 жылы наурыздағы Қызылағаш бөгетінің жарылып кетуінен болған қайғылы оқиға шықпаған болар. Сол кезде 5 метрден асатын су ауылды әп-сәтте шайып кетті. 150-ден астам адам (ресми есеп 37 адам) ізім-ғайым жоғалды. Топан су адамдардан бастап, көліктер, үйлер мен сарайларға дейін ағызып әкеткен. Сол кездегі бөгеттің биіктігі 46 метр болған. Ал Ақсай бөгетінің биіктігі 75 метр. Одан бөлек, 2020 жылы Өзбекстанның Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, Мақтаарал ауданының бірнеше ауылын су басып қалған. Салдарынан бірнеше мың гектар егінді су шайып, 30 мыңнан аса тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілді. Бұл мәліметтерді су бөгетінің қаупі қаншалықты зор екенін елестету мақсатында ғана жазып отырмыз. Алысқа бармай-ақ, биыл 30 наурызда Алматы облысында Ворошилов су қоймасының бөгеті бұзылды. 12 мың адамды су басу қаупі туды. Іле ауданы, Байкент ауылын су басты. Кейіннен антикор қылмыстық іс қозғады. Ал біз сөз етіп отырған Ақсайда соңғы рет 2010 жылы тамызда және 2018 жылы мамырында сел болған.

Тұрсынбек БАШАР

«Жас Алаш»,

4 шілде, 2024 жыл

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button