Еуро-2024: Түркия Сакартвелоны ғаламат етіп жеңіп шықты. Тамаша!
ДОРТМУНД. 18 маусым. Бүгін Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатындағы F тобының бірінші ойынында Түркия Сакартвелоны 3:1 етіп тізе бүктірді. Бұл туралы Sport.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Командалар F тобындағы күрестің оттай лаулаған сөрелік матчтын өткізді. Бәрін Гюлердің супер голы шешіп кетті. Түркия Грузияны ұтты», – деп жазды украин ресурсы.
Кездесу Дортмундтағы «Сигнал Идуна Парк» стадионында ойналды. Оған аргентиналық Факундо Тельо қазылық етті.
Ойын Түркия құрамасының басымдығымен өтті.
Матчтың 25-минутында Мерт Мюлдер керемет гол соғып, түріктер терме жамағатын алға шығарды. Бұдан кейін олар есепті еселеп еді, бірақ алаңдағы арбитр офсайд деген желеумен санамай тастады. Мұның есесіне, 32-минутта картвель Жорж Микаутадзе таразы басын теңестіріп кетті. Әріптесі Георгий Кочорашвилиден пас алған ол Сакартвело құрамасының тарихында Еуропа чемпионаттарындағы бірінші голды салды.
Ойын екінші таймда да үлкен қарқынмен өтті. Мұнда да түріктер ылғи алда жүріп отырды. Соған қарамастан, картвельдер де ыңғайы келген кезде шабуылға шығып тұрды. Ал 65-минутта түрік Арда Гюлер алыстан қақпаға ұрып, тағы бір ғаламат голды салды. Осы басымдық матч соңына дейін барды. Бұдан кейін төреші негізгі уақытттан кейін қосқан 7-минутта Керем Актюркоглу бәсекелестері қақпашысы Георгий Мамардашвилидің шабуылшыларға қосылып, қақпаны тастап кеткенін керемет пайдаланып, алыстан ұрып, есепті 3:1-ге жеткізді.
Осыдан кейін осы квартеттегі Португалия және Чехия құрамалары алаңға шығады. Осымен бірінші турдың ойындары аяқталады.