ПХЕНЬЯН. 19 маусым. Бүгін Пхеньянда кездескен РФ президенті Владимир Путин мен КХДР төрағасы Ким Чен Ын алғашқы мәлімдемелерін жариялады. Бұл туралы «24 канал» телеграм-арнасы ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кремль қожайыны Владимир Путин Солтүстік Кореяның патшасы Ким Чен Ынмен кездесу үшін «Таңғы тазалық еліне» кешке түнде кештеу ұшып келді. Бұл оның КХДР-ға соңғы 24 жылда бірінші рет келуі екен.
Таңертең екі узурпатор ұшырасты. «24 канал» Путиннің Корей түбегіне келгендегі басты мақсаттары жайында айтып өтті.
Қабылдауда Ким Чен Ын Ресейдің Украина жерінде жүргізіп жатқан «арнайы соғыс операция» дейтұғын басқыншылық соғысын қолдайтынын іркілмей айтты. Кремль мен Солтүстік Корея сұрқылтайларының екі жақтық кең ауқымды делегацияның қатысуымен өткен келіссөздері, тұтастай алғанда, бір жарым сағатқа созылды. Бұдан кейін диктаторлар «намаздыгер мен намазшамда» жолыққандай, екеу ара оңаша кездесуін өткізеді.
«Мәскеу мен КХДР қарым-қатынасы жаңа өркендеу кезеңіне қадам басты», – деп атап өтті Ким Чен Ын.
Осымен мазмұндас әңгімені Путин де айтты.
«Өткен жылы сіздің Ресейге жасаған сапарыңыз кезінде біз екіжақты мемлекеттік байланыс құрылысын айтарлықтай алға жылжыттық. Бүгін оның негізінде біздің ұзақ мерзімдік қарым-қатынастарымыз жатқан жаңа іргелі құжаты дайындалды», – деді Путин.
Кремль көсемі Владимир Путин КХДР басшысымен келесі кездесудің Ресейде, соның ішінде тап Мәскеуде өтетініне үміт артатынын білдірді. Ол Пхеньянның соңғы 24 жыл ішінде «адам сенгісіз жағдайда жетістіктерге» жеткеніне байланысты тағы бірқатар маразматикалық мәлімдемелер жасады. Сондағы басты тезистері «Мәскеу АҚШ ондаған жыл бойы жасап шығарған империализммен күресуде», «Ресей мен КХДР-дың өзара қарым-қатынасы «теңдік» және «бір-бірін құрметтеу» жағдайына негізделген», «алдыңғы толқынның ерлігі – елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты дамытудың «жақсы базасын» қалыптастырып кетті», «Ким Чен Ынмен кездесу жүз пайыздық мөлшерде өнікті болады» деген тәрізді көбікке толы жаттанды сөйлемдерден құралды.
Путиннің айтуына қарағанда, КХДР Ресейдің Украинаға қатысты сыртқы саясатын қолдайды, Кремль мұны жоғары бағалап отыр.
Ресей президентінің Солтүстік Кореяға сапарының да басты мақсаты осы тақырып тұрғысынан тарқатылады: Кремльдің қожайыны өзі секілді диктатордан тағы да қару-жарақ сұрайтын болады.