Киевте қазақстандық оппозиционер журналистке қастандық жасалды
КИЕВ. 18 маусым. Украина астанасының орталық ауданында белгісіз біреу қазақстандық оппозиционер журналист Айдос Садықовқа оқ жаудырған. Бұл туралы «Диагноз.ua» ақпарына сүйенген rasr.kz хабарлайды.
Қастандыққа ұшыраған YouTube-тегі «Бәсе» телеграм-арнасының басшысы болып шықты.
«Белгісіз біреу оппозиционер журналист Айдос Садықовты атып кетті, оның тірі екені хабарланды, полиция киллерді іздестіріп жатыр», – деп жазды украин ресурсы.
Оқиға Киевтің Шевченко ауданындағы Ярмола көшесінің бойында орын алған. Бейтаныс бір жігіт әйелімен бірге авто ішінде отырған қазақстандық оппозиционер Айдос Садықовқа оқ атқан.
Сол кезде жарақат алып қалған адамның аты-жөні Айдос Садықов екенін «РБК-Украина» порталы атап көрсетті. Осындай қаскөйлік жасалғанын журналист әрі блогер Денис Казанский растады. Ол Садықовтың аман қалғанын жазды. Бірақ ахуалы ауыр көрінеді. Оның жансақтау бөлімінде жатқаны да айтылды.
Украина ұлттық полициясы өз кезегінде қастандық жасалған жерде тергеу-жедел тобының жұмыс істеп жатқанын баяндады. Оның ақпарынша, қазақстандық оппозиционердің машинасына белгісіз біреу жақындап келіп, оқ атқан. Содан кейін оқиға орнынан тез кетіп қалған. Ал сол мезетте Садықовтың жанында отырған әйелі, «Бәсенің» жүргізуші-авторы Наталья Садықоваға ешқандай залал келмеген.
Журналист Айдос Садықов кезінде Қазақстан билігінің саясатына ұдайы қарсы шығып тұратындығымен танымал болған. 2010 жылы ол мұнда «бұзақылық» деген баппен екі жылға сотталған. Садықов пен оның жақтастары мұны қолдан жасалған іс деп атады. Бұған, сірә, журналистің белсенді қоғамдық қызмет атқарып, наразылық акцияларын ұйымдастырып тұратыны негізгі себеп болса керек. Ол әйелімен бірге YouTube-тегі «Бәсе» телеграм-арнасында Қазақстан билігін ұдайы сынап отырады. Соның ішінде республика басшылығының Ресейдің ықпалынан шыға алмай отырғанын да аяусыз сын садағына алады.
Айта кетейік, ерлі-зайыпты журналистер Наталья және Айдос Садықовтар бірнеше жылдан бері Украинада ресми босқын мәртебесімен тұрып жатыр. Ал 2023 жылдың қазан айында Айдосқа Қазақстанда «әлеуметтік, ұлттық, рулық, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны» үшін іздеу жарияланған болатын.
Суретте: Наталья және Айдос Садықовтар