Жолда жылдамдықты асырғандар 220 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді
АСТАНА. 23 мамыр. Ішкі істер министрлігінің заңға енгізіп жатқан өзгерістеріне сәйкес, енді жылдамдықты асырғандар төлейтін айыппұл 220 мың теңгеге жетеді. Бұл туралы Ulysmedia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығының орынбасары Төлеген Рысбеков агенттік тілшісіне көлікпен жылдамдықты асырып жүретіндер үшін белгіленетін жазаның жайын айтып берді.
«Қазір Мәжілісте тиісті заң жобасы қаралып жатыр. Онда жылдамдықты сағатына 60 шақырымнан асырғандарға жылдамдық сағатына 120 шақырымнан асқанда ғана жаза күшейтіледі. Қалғаны бұрынғыдай қала береді. Қаланың ішінде де, сыртында да», – деді ол.
Мұндай заң бзұушылыққа жол бергендерге айыппұл 60 АЕК-ке (221 520 теңге) ұлғаяды. Қазіргі заңнама бойынша бұл айыппұл 40 АЕК (147 680 теңге) мөлшерін құрайды.
Рысбековтың айтуынша, жаза «жылдамдықты жақсы көретіндерге ғана» күшейтіледі.
Ол өз сөзінде: «Қарапайым» адамдарға қатысы жоқ», – деді.
Рысбеков сонымен қатар, «орташа жылдамдықтан асыру» деген түсінік енгізіліп жатқанын айтады.
«Бұл қалай? Бұл заңбұзушылық тек қала сыртына шыққан көліктерге қатысты. Мәселен, Астанадан Қарағанды жол бар делік. Жолдың тіке учаскесі бар. А пунктінен Б пунктіне дейін қанша уақытта жетуіңіз керектігі есептеледі. Яғни, сіздің жылдамдығыңызды камералар есептеп шығарады. Мәселен, А пунктінен Б пунктіне дейінгі жолды сіз 1 сағатта басып өтуіңіз керек делік. Ол жолды жарты сағатта өте шықсаңыз, демек, орташа жылдамдықты арттырғаныңызды білдіреді. Оларға автоматты түрде айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері математикалық есеп бойынша беріледі», – деді ол.
Маманның айтуынша, Астана – Қарағанды тас жолы бойында сағатына 200 шақырым жылдамдықпен жүретіндер жиі кездесіп тұрады.