Швеция Балтық теңізіндегі аралдарын Ресейден қорғауға дайындала бастады
СТОКГОЛЬМ. 23 мамыр. Швеция өзінің Балтық теңізіндегі Готланд аралын қорғауды барынша күшейтуге кірісті. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Король қарулы күштерінің бас қолбасшысы Микаэль Бюден бұған РФ-ның басқыншы армиясының осы аралға қайта-қайта көз тігіп, оған үстемдік орнатуға ынта танытуы себеп болып отырғанын мәлімдеді.
«Готландқа кім бақылау орнатса, сол Балтық теңізіне де бақылау жасайтын болады. <…> Біз Готландтан НАТО-ның басқа елдеріне Балтық теңізінде қауіпсіз жүріп-тұруларына көмектесе аламыз. Бірақ егер Путин [РФ президенті Владимир Путин] Готландқа басып кіретін болса, НАТО елдеріне теңізде қауіп төндіреді. Бұл Солтүстік елдер мен Балтық өңіріндегі тұрақтылықтың түбіне су құяды», – деді Бюден RND телеарнасына берген сұхбатында.
Оның ойынша, Путин қазір Готландқа, сондай-ақ Аланд архипелагына «көзін сатып отыр». «Егер Ресей оны өзінің бақылауына алып, Балтық теңізін жауып тастайтын болса, бұл біздің өмірімізге – Швеция мен Балтық теңізіне шектесетін басқа елдердің бәріне өзінің орасан зор әсерін жасайды. Біз бұған жол бере алмаймыз», – деді Бюден.
Осының алдында, 21 мамырда Ресей билігінің Балтық теңізіндегі территориялық суларын Литвамен және Финляндиямен шектесетін қалыпқа дейін жеткізуге шешім қабылдағаны аян болған. Үкіметтің қаулысына сәйкес, РФ Фин шығанағының шығысындағы акваторияның бір бөлігін, сондай-ақ Калининград облысындағы Балтийск және Зеленогорск қалаларына жақын маңдарды өзінің ішкі теңіз сулары деп жариялауға ниетті болып отыр.
Кремль осы арқылы Финляндиямен шекарадағы Йяхи, Соммерс, Родшер, Кіші Тютерс, Вигрунд аралдары аймағына, сондай-ақ Нарва өзенінің солтүстік ағысына жақын маңдағы жерлеріне бақылау орнатуды көздеп отырғаны байқалады. Ал Литвамен шекаралас аумақта Курш шығанағы, Таран мүйісі, сондай-ақ Балтық бұғазы Ресейдің қайта қарауына жататын болып тұр.