Бүгін Таиландта бокстан Азия олимпиялық іріктеу турнирі басталады
БАНГКОК. 24 мамыр. Бүгін Таиланд байтағы – Бангкок қаласында бокстан екінші лицензиялық олимпиялық квалификациялық турнир сөреден шығады. Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Іріктеу жарысы бүгін басталып, 2 маусымда аяқталады. Бұл – Олимпиада алдындағы ең соңғы електік бәсеке.
Турнирде Қазақстанның ерлер құрамасынан – 1, әйелдер құрамасынан 5 былғары қолғап шебері өз бақтарын сынайды. Егер олар осы сайыста алдарына қойған мақсаттарын орындап, олимпиялық лицензияға қол жеткізетін болса, Париждегі Ойындарға біздің екі құрама да толық құрамда қатыса алады.
Сонымен, Бангкок рингінде бізден ерлер арасында 63,5 келіге дейінгі салмақта Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, әйелдер арасында 50 келіге дейінгі салмақта Назым Қызайбай, 54 келіге дейінгі салмақта Ұлжан Сәрсенбек, 60 келіге дейінгі салмақта Римма Волосенко, 66 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданова және 75 келіге дейінгі салмақта Валентина Хальзова Олимпиада жолдамасы үшін күреседі.
Еске сала кетейік, бұған дейін бокстан Олимпиада жолдамалары Қытайдың Ханчжоу қалсында өткен Азия ойындары мен Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен іріктеу турнирі қорытындысы бойынша берілген болатын. Осыған сәйкес ерлер жеті лицензияның алтауын, ал әйелдер алтаудың біреуін жеңіп алды.
Атап айтқанда, қазір біздің атлеттерден Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмуд Сабырхан (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг), әйелдерден Карина Ибрагимова (57 кг) Олимпиялық ойындарға қатысу мәселесін шешіп қойды.
Кеше боксшылардың Банкгок турниріндегі алғашқы қарсыластары белгілі болды.
Жеребеге сай біздің спортшылар ең алдымен мына қарсыластарымен жұдырықтасады:
63,5 кг: Мұхаммедсабыр Базарбайұлы – Кристиан Питт Лауренте (Филиппин)
50 кг: Назым Қызайбай – Николь Дурикова (Словакия)
54 кг: Ұлжан Сәрсенбек – Шера Мэй Патрисио (АҚШ)
60 кг: Римма Волосенко – Мария Фелиситас Гангльбауэр (Германия);
66 кг: Наталья Богданова – Кристина Кулухова (Сербия)
75 кг: Валентина Хальзова – Каролина Махно (Украина).
Біз өз боксшыларымыздың барлығына қайтпас қайрат, жанылмас жігер, сарқылмас сәттілік тілейміз.
Суретте: Мұхаммедсабыр Базарбайұлы