Сарапшы: Нүкенованың жан тапсыруына бастан алған соққылары жетіп жатыр
АСТАНА. 9 сәуір. Бишімбаевтың сотында алматылық сот сарапшысы Тахир Халимназаров марқұм Салтанат Нүкенованың қайтыс болуына басынан алған жарақаттар себеп болғанын айтты. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Салтанат Нүкенованың өлімі себептеріне қайталама сараптама жүргізген сот сарапшысы марқұмның дене жарақаттарын манекенде көрсетті. Осыған орай Тахир Халимназаров марқұмның алған сызаттары мен көгерген жерлерін көрсету үшін манекеннің басына белгілер салды.
«Барлығы көрсетілді. Бұның барлығы – бас-ми жарақаты. Оған бет пен бас сүйегі де кіреді. Көк түс көгерген жерді, қызыл түс сызаттарды білдіреді. Сарапшының қорытындысында бас-ми жарақатын (зақымдану – еск.) көрсететін сот-медициналық диагнозы белгіленді – мұның бәрі көгеру, сырылу, жара. Бұл жарақаттардың барлығы мидың зақымдалуына әкелетін сыртқы жанасу жарақаттары болып саналады… Мұның бәрі жалпы алғанда ауыр зиян ретінде жіктеледі және өлімнің тікелей себебі болып табылады. Яғни, өлімнің себебі – барлық жарақаттарды қос алғанда – бөлек қарастыруға болмайды. Бұл жарақаттардың барлығы бірін-бірі ауырлатады», – дейді сарапшы.
Прокурор отырыста: «Шок-травматикалық әсер дегеніміз не және оны қалай дұрыс түсіндіру керек, бұл соққы болуы мүмкін бе?», – деп сұрады.
«Қарапайым тілмен айтқанда, бұл басқа тиген соққылар. Жаратылыста адам өзі мұндай бас жарақатын алмайды, өйткені, ол құлаған кезде басын қорғайды», – деп қосты сарапшы.
Келесі кезекте сот сарапшысы мұндай жарақат кешені қайта-қайта құлаудан болмайтынын кесіп айтты.
«Мұндай нәрсе олай қарастырылмайды», – деді ол бірден тоқетеріне көшіп.
Сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров, сотталушы Қуандық Бишімбаев куәлік бергендей, Нүкенованың жарақат алғаннан кейін ұйықтап қалып, қорылдауы жайында да кең түсінік берді.
Сотта оған прокурор «Адам ми жарақатынан кейін ұйықтап жатқандай қорылдауы мүмкін бе?», деген сұрақ қойды.
«Жоқ, әрине. Бұл жерде бұл жарақат, асфиксия құбылысы, сөзсіз, жедел тыныс алу жетіспеушілігі болады. Мұндай құбылыс дамығанда, жедел тыныс жетіспеушілігі, тыныс алу бұзылады және оны қорыл ретінде қабылдауға болады, бірақ бұл – ұйықтап жатқан адамның қорылы емес. Ұйықтап жатқан адамның қорылы тұрақты, тыныш болады, бірақ бұл жағдайда ол ауа жетпей, булығады. Кез келген адам келесі кісінің тыныш ұйықтап жатып қорылдағанын біле қояды. Ал мынау – қырыл», – деп түсіндірді Халимназаров.
Демек, қорыл мен қырыл екі түрлі жағдайда орын алады.
Содан кейін судья оқиғаның сипатын нақтылай түсу мақсатында сарапшыға «Адам қорылдауды қырылдан анық ажырата ала ма?» деген сауал тастады.
«Қорыл бір қалыпты, тыныш. Адам қырылдаған кезде оған дем, тыныс жетпейді. Қырылдау сипаты тыныс алудың ауырлауынан көрінеді, тыныс алу орталықтарында қысым пайда болады», – деп анығын айтты сонда Халимназаров.
Соңыра судья ауыр бас-ми жарақатын алған адам қанша уақыт бойы арпалысып, қырылдауы мүмкін екенін білуге де ынта танытты. Маманның айтуынша, бәрі жарақаттың ауырлығына байланысты, адамның мұндай қалыпта бірнеше сағат бойы жата беруі мүмкін. Миға қан құйылғанша, шамасы. Сарапшының мұндай үзілді-кесілді тұжырымы сотқа қатысып отырғандардың көңілінен шықты.