Тоғыз перзент тәрбиелеп отырған Қайрат Сәтжанов жастар құрамасының тізгінін ұстады
АСТАНА. 7 сәуір. Белгілі маман, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов бокстан ерлер арасындағы Қазақстан жастар құрамасына аға жаттықтырушы болып тағайындалды. Бұл туралы nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Отбасында 9 перзент – 6 қыз, 3 ұл тәрбиелеп отырған әз әке, орнықты отағасы Қайрат Сәтжанов еліміздің үздік жас боксшыларының жетекші ұстазы болып бекітілді.
Қазақстан Бокс федерациясы Instagram-дағы парақшасында Қайрат Сәтжановтың осылайша Әділ Басығараевты алмастырғанын атап өтті.
Саналы өмірінің 34 жылын боксшыларды жаттықтыруға арнап келе жатқан Қайрат Сәтжановтың «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» деген атағы бар.
Қайрат Тұрсынқанұлы Сәтжанов 1970 жылы 29 қаңтарда Семей (қазіргі – Абай) облысының Аягөз қаласында туған. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған. Сол кезден бастап өзін жаттықтырушылық салада шыңдап келеді. Ол бұған дейін Қазақстанның ерлер арасындағы құрамасының бас жаттықтырушысы да болып көрді.
Қайрат Сәтжанов 2011-2019 жылдары республиканың жасөспірімдер құрамасын жаттықтырған. Оның командасы 2013 жылғы әлем чемпионатында 2 алтын, 1 күміс, 5 қола жүлде жеңіп алса, 2015 жылғы әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальге қол жеткізді. Маман 2019-2021 жылдары жастар құрамасының аға жаттықтырушысы болды. Сол саппен 2021 жылғы әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальді еншіледі. Ал 2021-2022 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстаған кезінде оның былғары қолғап шеберлері 2021 жылғы әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальмен ресми емес жалпыкомандалық есепте екінші орынға шықты.
Қазақстан жастар және жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушылар алқасы:
* Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы – Қайрат Сәтжанов;
* Қазақстан жастар құрамасы аға жаттықтырушысының көмекшісі – Бағдат Оңғарбеков;
* Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы – Мақсат Оспанов;
* Қазақстан жасөспірімдер құрамасы аға жаттықтырушысының көмекшісі – Азамат Игібаев;
* Қазақстан кіші жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы – Жақсылық Молдаханов.
Сондай-ақ, бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан жастар құрамасына аға жаттықтырушы болып Жангелді Ахметов тағайындалды. Ол жақында ғана әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалған Елдос Сайдалиннің орнына барды.
* Жангелді Әлімжанұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Оның жаттықтырушылық өтілі – 25 жыл. Бүгінге дейін Жетісу облысының әйелдер арасындағы аға жаттықтырушысы қызметі болып келді.
Қыздар арасындағы жастар және жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушылар алқасы:
* Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы – Жангелді Ахметов;
* Қазақстан жастар құрамасы аға жаттықтырушысының көмекшісі – Айдар Сайдалин;
* Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы – Айбек Әбілдә.
Біз еліміздің барлық деңгейдегі құрама командалары жаттықтырушыларына табыс тілейміз.