АҚШ әкімшілігі Путиннің теракті үшін Украинаны айыптауымен келіспейді
УАШИНГТОН. 25 наурыз. АҚШ вице-президенті Камала Харрис Ресей диктаторының Мәскеудегі терактіге Украинаны қатыстырғысы келгеніне қарсы шықты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ақ үй Кремльдің Украинаны Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласында орналасқан «Крокус Сити Холл» концерт залындағы атысқа қатысты етіп көрсетпек болған кез келген әрекетін шешімді түрде жоққа шығарады. Құрама Штаттар вице-президенті Камала Харрис Ресей патшасы Владимир Путиннің Киевті осы атысқа қатысты етіп көрсеткісі келетін сандырақ тирадасы ешқандай айғақ бола алмайтынын айтты.
Уашингтон бұдан гөрі бұған «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының ауғандық ұяшығының қатысы бар екеніне көбірек иланады. Оның үстіне, мұны аталмыш террорлық ұйымның өзі мойындарына алып отыр.
АҚШ вице-президенті ABC News мәтбұғатына берген сұхбатында осындай мәлімдеме таратты. Оның айтуынша, Америка тарапына Мәскеу маңындағы концерт залына шабуыл жасағандар қолтаңбасында «Ислам мемлекетінің» бір бұтағы – ИГИЛ-К ауған ұяшығының белгілері бар.
Бұдан бұрын Путин өзінің Ресей халқына жасаған үндеуінде ФСБ-ның болжамын сөзбе-сөз қайталап, Брянск облысында ұсталған күдіктілерді «Украинаға бара жатыпты-мыс», «шекараның арғы бетінде олар үшін «ашық есік» дайындалып қойылыпты» деген сыңайдағы өсек-аяң тектес әупілдек әңгімені гөйітіп тастап еді.
Украина бас барлау басқармасы Путиннің бұл мәлімдемесін «сандалған сөз» деп бағаласа, Украина президенті Володимир Зеленьскийдің өзі осы әңгімеге түсіндірме беріп тұрып, ресейлік узурпаторды «сілімтік» және «сүмелек» деп атаған болатын.