Украина 640 шақырымнан ары қашыққа баратын ракета жасауды қолға алды
КИЕВ. 21 наурыз. Украина өз қару-жарақ өндірісін дамыту, соның ішінде Мәскеуге дейін жететін алыс қашықтықты зымырандар жасау жолына түсті. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Американың The Washington Post газетінің жазуынша, Киев қазір өз қару-жарағын өнеркәсібін өркендетіп келеді, соның ішінде алыс қашықтыққа атылатын, Мәскеуге дейін жетуге қабілетті ракеталарды жасауға тікелей бағыт ұстап отыр.
Украинаның Ресей басқыншылығына дейін барынша әлсіз болған соғыс-өнеркәсіп кешені қазір айтарлықтай қарқынмен дами бастады. Украина екі жылдың ішінде ұшқышсыз ұшақ, әскери техника, снарядтар мен ракеталар жасауды жақсы меңгеріп алды.
Бірақ Украинаның өндіріс көлемі әзірге украин армиясының майдан даласындағы барлық мұқтаждықтарын жаба алмайды. Дегенмен, Киев бүгінде осы олқылықтың орнын толтырудың барлық амалдарын жасап жатыр.
«Соғыс-өнеркәсіп кешені 2023 жылы үш есеге өсті, ал биылғы жылы, күткендегіміздей, алты есеге дейін артатын болады», – деді премьер-министр Денис Шмыгаль үкіметтің қаңтарда өткен отырысында.
«Соғыстың барысын өзгертіп жіберген дрондарға келсек, Украина қазір өзіне қажетті мөлшердің 90 пайызын жасай алатын деңгейге жетті», – деді цифрлы трансформация министрі Михаил Федоров ақпанда өткен конференцияда.
«Осы күндері ұшқышсыз ұшақтар Ресейдің терең тылдарына дейін жетіп, шабуыл жасап жүр. Сондай-ақ теңіз дрондары Ресейдің Қара теңіз флотына айтарлықтай күшті соққы беріп, украин астығын экспорттаудың жолын ашып беруге көмектесті», – делінген The Washington Post мәтбұғатының мақаласында.
Алайда Украина ұшқышсыз ұшақтар жасаумен шектеліп қалайын деп отырған жоқ. Ол 122 және 125 мм-лік калибрлердің артиллериялық оқ-дәрілерін өндіру ісін де кең өрістетіп келеді. Жоспарға сәйкес, Киев осы жылдың екінші жартысында НАТО-ның 155 мм-лік калибрінің снарядтарын өндіруді бастап кетеді.
Дегенмен, Мәскеу үшін ең қолайсыз тосынсый Украинаның алыс қашықтықтарға жете алатын қазіргі заманғы ракеталармен өзін өзі қаруландыруға қол жеткізетіні болғалы тұр. Өткен айда Украинаның стратегиялық салалар министрі Олександр Камышин 640 шақырым қашықтықтағы нысанаға дөп тиетін, соның ішінде Мәскеуге дейін беймалал жететін ракеталарды жасап шығаруды қолға алғанын мәлімдеген болатын. Оның жай-жапсарын украиндар әзірге құпия ұстап отыр. Украинада сондай-ақ NASAMS зенитті кешеніне ұқсас әуе шабуылы қорғанысы жүйесі талдап жасау жұмыстары да жүріп жатыр.
Бұдан бұрын Пентагон АҚШ-та тек Украинаны Ресейдің басқыншы армиясымен соғыста қажетті ракеталармен қамтамасыз етіп тұрумен айналысатын зауыт салынғалы жатқанын хабарлаған болатын.