Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Пехлеваниди: Грекия – Қазақстан матчында достықтың жеңгенін қалаймын

АФИНА. 21 наурыз. Қазақстан футболының даңқты ардагері Евстафий Пехлеваниди бүгінгі ойында достықтың үстем болғанын қалайтынын айтты. Бұл туралы 1bol.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Қазіргі кездері Грекияда тұрып жатқан Евстафий Пехлеваниди «Қайрат» командасы сапында КСРО чемпионатының жоғарғы лигасында ең көп гол соққан форвард болды. Ол Шымкенттің «Металлургі» мен Алматының «Қайраты» сапында өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары ойнады. Сол жылдары КСРО-ның «Үздік 33 ойыншы» тізіміне де кірді.

Этникалық грек Евстафий Пехлеваниди Шымкент қаласында туып-өсті. Осында футбол әліппесін меңгерді. Ол Кеңес Одағы тарағаннан кейін өзінің көптеген қандастарымен бірге тарихи отаны – Грекияға қоныс аударды. Ертеректе елге бірнеше рет келіп-кеткен еді.

Евстафий Пехлеваниди 1bol.kz тілшісіне берген шұғыл сұхбатында Грекия – Қазақстан матчын міндетті түрде көретінін сөз етті. Алайда, нақты кімге жанкүйер болатынын айтуға қиналды.

«Жігіттер, маған ондай ауыр сұрақ қоймаңдар, мен қалай болғанда да грекпін. Сондықтан бұл ойында достық жеңгенін қалаймын», – деді ол сосын.

Сондай-ақ, «Қайраттың» аңызына айналған футболшы алматылық клубтың ойындарын әліге дейін көріп, жаңалықтарын жібермей оқитынын, енді команданың 70 жылдық мерейтойына шақырылса, баратынын жеткізді.

«Биыл команданың мерейтойы екенін білемін. Барғым келеді. Бірақ мені шақыра ма, ол – басқа әңгіме. Қаласа шақырады, өздері көрер», – деді Евстафий Пехлеваниди.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button