АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Сыр бойының сырбаз азаматтарының бірі еді

Сырдың сырбаз азаматтарының бірі – Сералиев Төлепберген кеше, 24 ақпан күні 79 жасқа қараған шағында бұл фәни дүниемен қоштасты.

Төлепберген Сералиев 1947 жылы 15 қыркүйекте Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Киров атындағы  (қазіргі Жақыпбек Маханбетов атындағы) ауылда туған. 1964 жылы Қызылорда қаласындағы №171 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті ойдағыдай аяқтап, Ленинград қаласындағы целлюлоза-картон өнеркәсібі технологиялық институтына оқуға түседі.

Бұл жоғарғы оқу орнын таңдаудың да себебі бар-тын. Бұл кезде Қызылорда қаласының батысынан бой көтеріп, алып құрылыс қарқын алып, Сыр бойындағы қамыс шикізатының мол қорын пайдалану міндеті қойылған-ды. Жаңа өндіріс саласында жұмыс жасау үшін беймәлім жаңа мамандықты игеру, жергілікті жердің жастарының алдына күрделі де жауапты міндет қойылғанын білеміз. Себебі, бұл құрылыс Бүкілодақтық дәрежедегі екпінді комсомол-жастар алаңына айналғанды. Яғни, тікелей орталықтың бақылауында болған кәсіпорын еді.

1969 жылы Төлепберген Серәліұлы жоғарыда айтылған институтты ойдағыдай аяқтап, инженер технолог мамандығы бойынша диплом алып, Сыр бойына оралады. Өзінің бар ғұмырындағы еңбек жолын Қызылорда целлюлоза-картон комбинатында мастер (шебер) болып жұмыс бастап, 1973 жылға дейін осы өндіріс орнында гофротары цехында аға мастер (шебер) болып қызмет жасап жүріп, мекеменің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласа бастады. Жастар ұйымының жетекшілігіне дейінгі сатыдан өтті. Жас жігіттің қоғамдық өмірдегі белсенді қабілеті облыстық комсомол комитетінің басшылығы тарапынан үнемі бақылауда болғанын ашып айтқанымыз дұрыс.

Біз де сол уақыттарда облыстық комсомол комитетінің насихат және мәдени-көпшілік жұмыстар бөлімінің меңгерушісі болып жүріп, целлюлоза-картон комбинатының жастар жетекшісі Сералиев Төлепбергеннің сабырлы мінезі, салихалы ойлайтын, әр іске байыппен қарап, сыр ашса да сырын көпке тарата бермейтін азаматты облыстық комсомол комитетінің насихат бөліміндегі лекторлық қызметке шақырттық. Облыс жастары арасында танымалдыққа ие болып, өзін өзі көрсете білген Сыр бойының болашағынан үміт күттіретін жас кадр ретінде резервке алынды. Одан әрі облыстық кеңес атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінде инспекторлық қызметті абыройлы атқарып, тәжірибе жинақтаған азаматты әрі қарай іскерлік саяси білімін жетілдіру мақсатында 1979 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің жанындағы жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі.

Жоғары басшылықтың ұсыныстарына сәйкес 1981-1993 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушы-инспекторы, Қызылорда біріккен авиаотряды командирінің орынбасары, Қызылорда қаласы әкімшілігінің коммуналдық меншік жөніндегі бөлім меңгерушісі, 1993-1994 жылдары Қызылорда облыстық газ шаруашылығы мекемесінің бас директорының орынбасары, «Алаугаз» МТС басқармасының бастығы, 1994-1999 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Бас кеден басқармасы Қызылорда облысы бойынша  кеден басқармасы бастығының орынбасары, 1999-2010 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Бас кеден басқармасының бөлім бастығы болып ойдағыдай қызмет атқарып, құрметті зейнеткерлікке шықты.

Төлепберген Серәліұлы қай қызметте жүрсе де, қай ортада болса да өзінің азаматтығынан еш уақытта аласарған жоқ. Өзінің өмір жолында жинақтаған тәжірибелерін кейінгі буын жастарға айтудан жалыққан жоқ, қоғам қандай өзгеріске түсіп жатсада елдің ауызбіршілік, ынтымағын жарастыруға, мемлекетіміздің тәуелсіздік тұғырының берік қалануына өмірлік ұстанымын ешуақытта өзгерткен емес. Облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі ретінде аға буын өкілдерінің өткен қоғамда да, тәуелсіздік жылдарында да атқарған қызметтеріне адал да, таза баға беріп, өз тарихымыздың дұрыс қалыптасуына көзі қарақты, білімді азамат ретінде тынымсыз қоғамдық жұмыстардың белсендісі болғанын біздер, замандастары ешуақытта ұмытпайды.

Төлепберген Серәліұлы өз отбасының бәйтерегі еді, Қызылорда облысының комсомолы тәрбиелеген ерке мінезді, жұрттың бағасын таразыға салып өлшемей-ақ бір-ақ айтатын, Сәлимаға үйленіп, қауымдастығымыздың шеңберін қалыңдата түскеніне де жарты ғасырдан астам уақыт болыпты.

Бүгіндері өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ұрпақтары өркендерін жайып, керегесін кеңейтіп, еліміздің белгілі бір салаларында адал да абройлы қызмет жасап жатқанына куәгерміз. Шүкіршілік дейміз.

Төлепберген Серәліұлының қоғам, мемлекет алдындағы адал қызметі тиісті бағаларын алды да, ең алдымен оны білетін азаматтардың құрметіне бөленгеніне әрдайым куәгерміз.

Бүгіндері біздер, замандастары Төлепберген Серәліұлы досымыздың жатқан жері жәйлі, топырағы торқа, иманы жолдас болып, алды жарық, арты кеніш болсын деп бір Алладан сұраймыз.

Сайлаубай ӘБІШҰЛЫ,

Қызылорда облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

 

Rast.kz интернет басылымының редакциясы Сыр елінің айтулы азаматы Төлепберген Сералиевтің қазасына байланысты марқұмның отбасына – жұбайы Сәлимаға, балалары мен немерелеріне, ағайын-туыстарына, құда-жекжаттарына, жора-жолдастарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.

Біз сізді жаны жайсаң, көңілі дархан, өте мәдениетті, кішіпейіл, ізгілікті, қарапайым, жүрегі  мейірімге толы жан ғана емес, сонымен бірге  қазақ прозасының таңдаулы шеберлерінің бірі , керемет жазушы Нәсіредин Серәлиевтің туған інісі ретінде де білетін едік.

Бақұл бол, Төке! Жатқан жеріңіз жайлы болсын. Алла алдыңыздан жарылқасын.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button