Мақпал Жүнісова: Зәкең «өзін-өзі атып өлтірді» дегенді растаған – балалары
АЛМАТЫ. 20 наурыз. Әнші Мақпал Жүнісова кезінде тергеу органдарының «Заманбек өзін-өзі атты» деген болжамына қол қойған балалары екенін тағы елдің есіне салды. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Иә, белгілі мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің өліміне байланысты тергеу органдарының «өзін өзі үш рет атып өлтірді» деген болжамына ұлы Қайрат пен қызы Құралайдың қол қойып бергені жөніндегі әңгіме сол қайғылы оқиға орын алған кезде алғаш рет айтылған еді. Соны марқұмның кейінгі қосағы Мақпал Жүнісова өзінің таяудағы ән кештерінің бірінде тағы да қалың қауымның есіне түсірді. Бұған қайраткердің балалары тарапынан кейінгі кездері Мақпалға қатыстырылып айтылып қалған әнтек әңгімелер себеп болған сияқты.
«Біресе анау өлтірді дейді, біресе мынау өлтірді дейді. Ең соңына келіп Мақпал өлтірді деп айтпаса болды. Оны да күтуге болады, оны да естіп жатырмын. Туған балалары сондай әңгіме таратып жатқан көрінеді. Төбеде Алла бар ғой. Қолымыз қан болса жүрмес едік қой. Зәкең де «Мақпал, мені келіп үш рет ата сал» дейтін азамат емес қой», – деді әнші.
Мақпал Жүнісова Нұрқаділов қайтыс болған күні үйде болғанын алға салды.
«Бәрі біледі. Шопыр да біледі. Мен үйден шыққан жоқпын, үйде болдым. Бірақ ол кісіні екінші үйде атып кеткен. Шамамен 7.15-те атып кеткен, себебі 6.40-та ол кісімен сөйлескенмін. Мына үйге «Жолама» деп айғайлады. «Неге?» деп едім, «Ана үйге тез қайт» деді. Балконнан айғайлады. «Зәке, неге есікті ашпайсың?» дедім. Сол кезде Зәкең «Мына үйге келуші болма» деді. Оны кейін түсіндік қой, ана үйде қырылыс болып жатқан екен сол кезде. Кірмесін деп айтқан екенін сонда түсіндім. Бірақ оны біраз адамдар басқаша келтіріп жүр екен. Ашатын болсаңдар дұрыстап ашыңдар, ашпайтын болсаңдар бұрыс әңгіме таратудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі, бәрі біледі ғой», – деді Мақпал Жүнісова.
Оның сөзінше, сол күні болған нәрсенің бәрі камераға жазылып қалған.
«Қайраттың өзі (Нұрқаділов) менің рұқсатымсыз сол күні түсірілгеннің бәрін полицияға алып кетіңіздер» деп бұйырған. Негізі, 16 камераның 14-інде кім кірді, кім шықты – көрініп тұр. Шет жағасын мен де көрдім. Полиция мені кінәлаған кезде адвокатым екеуіміз «Әне тұр ғой, соны таппайсыңдар ма?» деген кезде жігіт шошып, кетіп қалды. Сосын бізге камераны бермей қойды. Содан бері 17 жыл өтті. Неге мен «өлтіріп кетті» деп айғайлағанда, менімен бірге балалары, қызы, ажырасып кеткен әйелі айғайламады? Өзін-өзі атпады деп неге айтпады? Өзін-өзі атты деп қол қойып берген мен емес, солар ғой. Сондықтан жүйкемді тоздырмасын», – дейді әнші.
2005 жылдың 12 қарашасында Заманбек Нұрқаділов өз үйінде денесіндегі атылған үш оғымен өлі күйінде табылған еді. Екі оқ кеудесіне тиген, біреуі басына тиген. Болған оқиғаның ресми нұсқасы бойынша, Нұрқаділов өз-өзіне қол жұмсаған деп танылды. Марқұм Алматыдағы «Кеңсай» зиратына жерленді.