Бұрынғы бас полицей Тұрғымбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. 20 наурыз. Бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа қарсы қылмыстық іс қозғалғаны расқа айналды. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ақпараттың анық-қанығын Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтып берді. Ол қазір өзінің алдындағы министрдің үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқанын растады.
«Бұл істі Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан жоқ. Сондықтан қандай іс екеніне, қандай бап бойынша іс жүріп жатқанына пікір білдіре алмаймын», – деді министр Парламент Мәжілісінің қабылханасында.
Бұған дейін бірнеше БАҚ бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді. Деректерге сүйенсек, оған қатысты 361-баптың 1-бөлімі («лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану») бойынша іс қозғалған, яғни Қаңтар оқиғасы кезінде қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деп айыпталып отыр.
Orda.kz мәліметінше, тергеу нысанында бұрынғы Ішкі істер министрінен бөлек, Талдықорған полициясының бұрынғы бастығы Асқар Нұрсапа, Қарасай ауданының бұрынғы полиция бастығы Болат Тотыбаев және басқалар бар.
Ерлан Тұрғымбаев 2012 жылдан бері Ішкі істер министрінің орынбасары, 2019 жылдан бері Ішкі істер министрі қызметтерін атқарды.
Ал 2022 жылы оның қызметтен кеткені белгілі болды.
Айта кетейік, бұған дейін де бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті екені туралы ақпарат тараған болатын. Бірақ ол кезде Бас прокуратура мұны растамады.
«Бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев күдікті емес. Ол Бас прокуратураның ведомствоаралық тергеу және жедел тобы тергеп жатқан қылмыстық іске куәгер ретінде жауап берді», – деп хабарланған еді бұрын.