Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-дан шығатын жағдайларын атап көрсетті
ЕРЕВАН. 13 наурыз. Армения Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) елдердің егеменді территорияларына мән бермейтін болса ұйымнан шығатынын мәлімдеді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Хайастан премьер-министрі Никол Пашинян ақпан айында ҰҚШҰ-ға мүшелікті тоқтата тұратынын баяндаған болатын.
Оның айтуына қарағанда, Ереван осыдан кейін ұйымнан Әзербайжан территориясына бітімгер әскер қоюға дайын екенін білдірген хат алған. Бірақ шекараның қай жерден өтетіні атап көрсетілмеген.
«Біз қазір ҰҚШҰ-дан Армениядағы жауапкершілігі қай аймақта екеніне жауап беруді сұрап, күтіп, талап етіп, жауап ала алмай отырмыз», – деді Пашинян.
Ол Армения мен Әзербайжан арасында Таулы Қарабақта соғыс басталып кеткенге дейін ҰҚШҰ мен Ресей Арменияның егеменді шекарасы Мәскеу мен ұйым үшін «қызыл сызық» болып саналатынына сендіргендерін атап өтті.
«Армения 2021 жылдың мамырында Әзербайжанның қызыл сызықтан аттап өтіп кеткенін тіркеді, алайда ҰҚШҰ тарапынан ешқандай нұсқау болған жоқ»,– деді Пашинян. Ол бұған осыдан кейін Әзербайжанның 2021 жылдың қарашасы мен 2022 жылдың қыркүйегінде ұрыс қимылдарын батыл жалғастырып әкеткенін қосты.
Армян премьер-министрі ҰҚШҰ-ны Арменияны Әзербайжанның Қарабақтағы агрессиясынан қорғап қала алмағаны үшін сынады. Нәтижесінде 100 мыңнан астам хай ұлтының өкілдері аймақты тастап шығуға мәжбүр болды.
Ешкім мойындамаған Таулы Қарабақ республикасы 1991 жылы пайда болып, 2024 жылдың 1 қаңтарында өзін өзі таратты. Бұл аймақ ежелден әзербайжан жерінің бөлінбес бөлшегі еді. Бұдан 33 жыл бұрын бөлініп қалған өңір биылғы қыста қайта өзнің тиесілі меншігіне қайта қосылды.
РФ президенті Владимир Путин Арменияның ҰҚШҰ-дан шығуы Ереванның мүддесіне сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Ол Хайастанның мұндай қадамға баруына «әлдеқандай бір сыртқы және ішкі күштердің әсер етіп отырғанын» атап өтті.