Almaty Museum of Arts оңтүстік мегаполис туризмін серпілтуге үлес қосады
АЛМАТЫ. 5 наурыз. Алматыда енді іске қосылғалы тұрған Almaty Museum of Arts жобасы алдына туризмді өркендетуге серпін беруді мақсат етіп қойып отыр. Бұл туралы өз мәнбесіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Бұл күндері Алматыда Almaty Museum of Arts атты аса әрі жобаның құрылысы тоқтаусыз жүріп жатыр. Алдын ала жоспарланғандай, амандық болып, биыл осы музей ашылып жатса, жаңа нысан Алматының туристік әлеуетін арттыра түседі деген сенім бар», – деп атап көрсетті белгілі журналист Айнаш Есалы.
Оның айтуынша, әу бастағы жоспарға сәйкес, құны 100 млн АҚШ долларынан асып түсетін музейге әлемнің әйгілі суретшілері мен мүсіншілерінің озық туындылары қойылады. «Бір көру ғанибет» дейтін жәдігерлерді жинайтын «өнер қоймасы» Алматыға жолы түскен келген кез келген туристі өзіне тартуы тиіс. Оның үстіне, биыл Алматы қаласы – «The New York Times» басылымы жаңа жыл сайын дәстүрлі түрде жариялайтын, көруге болатын әлемдегі 52 орынның мәртебелі тізіміне қосылды.
Жеке кәсіпкердің қаражаты құйылып жатқан заманауи музей салу үшін Алматы билігі арнайы жер бөліп берді. Ал Үкімет шетелдік өнер туындыларын елге кедендік бажсыз және қосымша құн салығынсыз әкелуге рұқсат беру үшін заңнамаға өзгерістер енгізуге ықпал етті.
Енді осынау ғаламат жоба – Almaty Museum of Arts алаңынан әлемдік деңгейдегі қандай ғажайып туындыларды, қандай қылқалам шеберлерінің жұмыстарын тамашалауға болады? Соншама дәріптеліп жатқан музейге кімдер қойылады, деген сұрақтың да қатар жүретіні даусыз.
Кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың айтуынша, қазірдің өзінде Forbes тізімінде жүрген талай адам қолдарындағы құнды картиналарды сыйлауға және әлемдік деңгейдегі көрмелерді Алматыға шақырып, қаражатын төлеуге дайын екендіктерін білдірген.
«Сіздер білесіздер, ірі кәсіпкерлер бизнесте аса «френдли» емес. Әркімнің – өз қорғаны бар, және бір бірінің табыстарына да аса қуана қоймайды. Алайда, музей салуға қатысты маған Forbes тізіміндегі біраз адам хабарласып: «Нұрлан, біз де бұл іске араласқымыз келеді», деді. Мен оларға: «Егер мен сендерді қазір шақырсам, отырып аламыз да, қандай картиналарды сатып алу керек, қандай тас керек деп дауласамыз. Сондықтан әзірге ешқандай донатор керек емес, садақа қабылдамаймыз. Кейін бизнесмендер көңілі түссе, музейге өнер туындыларын сыйлай алады немесе әлемдік деңгейдегі көрмелер өткізу үшін демеуші болуларына қарсы емеспіз», – дейді 30-40 жылдан бері біртуар өнер туындыларын тынбай жинап келе жатқан коллекционер әрі меценат Нұрлан Смағұлов.
«Бұл музей қаламыздың ғана емес, көкірек-санамыздың дамуына септеседі. Ол әлемдік галереялармен теңесе алады. Әлі сіздер музейден атақты суретшілердің картиналарын көруге асығатын боласыздар. Біз өзімізден кейін де бірдеңе қалдыруға ұмтылуымыз керек. Мен салып жатқан сауда орталықтары, автоорталықтар, тіпті зауыттар да – уақытша. Ал мына музейдің сырты, қас бетінің өзі кемі жүз жылға шыдайтындай, ең сапалы материалдарды таңдадық. Сол кезде осы тұрған ешқайсымыз болмаймыз, бірақ музей қалады», – дейді ол.
Музейдің қасбеті – Германияның оңтүстігі мен Баварияда ғана өндірілетін, 100 миллион жылдар бұрын пайда болған юра дәуіріндегі әктастармен қапталып жатыр. Оның әрбір тілігінде біріне бірі ұқсамайтын, ежелгі омыртқасыздардың қалдықтары бар. Қасбеттің бір бөлігі – аса берік болғандықтан ұшақ, кеме, броньды машиналар жасағанда қолданылатын анодталған алюминиймен жабылып, COR-TEN болаты да қолданылады. Бұл материал да тот басқан сайын, тозудың орнына құбылады.
Музейдің архитектуралық жобасын – әлемнің 60-тан астам елінде бой көтерген ғимараттардың авторы, британиялық Chapman Taylor сәулет бюросы мен Сан-Францискодағы заманауи өнер музейі, Бильбаодағы Гуггенхайм музейі, Дохадағы Катар ислам өнері музейі, Париждегі Помпиду орталығы мен Лувр жобаларымен айналысқан Lord Cultural Resources консалтингтік компаниясымен бірге жасаған.
Тау мен қаланың қабысқанын бейнелейтін, екі L-тәрізді қиылысып барып, ортасы «Өнер көшесі» деп аталатын ішкі жабық кеңістікке ұласатын Almaty Museum of Arts ғимаратының тұжырымдамасын журналистерге Chapman Taylor бюросының аймақтық директоры Крис Ланксбуридің өзі дәйектеп берді. Тау шатқалын елестететін бұл кеңістік мұражайдың негізгі «күре тамыры» десек те болады.
Сол сияқты ейнелеу, мүсін өнерінің аса құнды жәдігерлерін жинайтын нысанда мұражай салудың барлық стандарттары – температура, ылғалдық режим, жарықтандыру көрсеткіштері қатаң сақталынады. Музей ең нәзік экспонаттардан бастап монументалды иммерсиялық сандық инсталяцияларға дейін кез келген туындыны көрсетуге болатындай инфрақұрылымға ие болса, оның инженерлік жобасын Лондондағы Британ мұражайы, Абу-Дабидегі Лувр, Лос-Анджелестегі LACMA мұражайларына инженерлік шешімдер әзірлеген британдық Buro Happold консалтингтік компаниясы атқарғанын айта кетуге болады.
«Біз мұнда әлемдегі кез келген музейдің экспонатын әкеліп, көрме ұйымдастыра алатындай жағдай тудыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Соңғы он шақты жылда техникалық мүмкіндіктер болмағандықтан, айтарлықтай мықты көрмелер болған жоқ. Былай түсіндіре кетейін, қандай бір құнды өнер туындысын жеткізген автомобиль карантиндік аумаққа кіріп, ғимаратпен температурасы теңескенше тоқтап тұру керек, содан кейін ғана экспонаттың консервациясын бұзуға болады. Мен өзім де бұл істің осындай күрделі екендігін күткен жоқпын», – дейді құрамына «Астана Моторс» пен MEGA сауда желілері кіретін Astana Group-тің негізін қалаған Нұрлан Смағұлов.
Қысқасы, қазір музейдің құрылысымен қоса, өнер жауһарларымен толтыру жұмыстары да қатар жүріп жатыр десек, қордың 90%-ын отандық қылқалам шеберлерінің туындылары құрайды. Сондай-ақ заманауи бейнелеу өнерінің жауһарлары да музей үшін сатылып алынуда. Неге музейдің құны 100 миллион АҚШ долларынан асып түсетінін осылай түсіндіруге болады.