Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтата тұратын болып шешім қабылдады
ЕРЕВАН. 23 ақпан. Арменияның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүшелігі қазіргі сәтте тоқтатылып тұр. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Армения (Хайастан) премьер-министрі Никол Пашинян өз елінің қазіргі мезетте ұйымнан тысқары қалып тұрғанын қадап айтты.
«Сіздер байқайсыздар ма, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы туралы келіссөз Арменияға келгенде, жұмыс істемей қалады, мұны 2021-2022 жылдардағы оқиғалар барысы көрсетіп берді. Біз мұны елеусіз етіп қалдыра алмаймыз. Бүгінгі таңда бір іс жүзінде ҰҚШҰ-ға қатысымызды тоқтатып тұрмыз», – деді Пашинян француздың France 24 телеарнасына берген сұхбатында.
Ол сонымен бірге Ресейдің 1995 жылы Гюмрюде Мәскеу мен Ереванның мемлекетаралық келіссөзі бойынша Хайастан территориясында қанат жайған әскери базасын жабу жөнінде мәселе көтеріліп тұрмағанын атап өтті. 2010 жылы екі ел келіссөздің әрекет ету мерзімін 2044 жылға дейін созды.
Пашинян бұған дейін де Арменияның Әзербайжанмен соғысы кезінде ҰҚШҰ-дан ешқандай көмек болмағанын талай мәрте сынға алған еді. Ал 2023 жылы қыркүйекте аяқталған соғыстың қорытындысында Әзербайжан Қарабақты өзіне толық қайтарып алды. Нәтижесінде бұл өлкеден 100 мыңнан астам армян кетуге мәжбүр болды. Ал Армениядан басқа бірде-бір мемлекеттік құрылым мойындамаған Таулы Қарабақ республикасы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тіршілік етуі тоқтатты. Ол 1991 жылы сепаратистік ұйым ретінде құрылған еді.
Армения премьер-министрі соңғы кездері Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының саммиттеріне қатысып жүрген жоқ.