Украина армиясы Ресейдің кезекті десант кемесін суға батырып жіберді
СЕВАСТОПОЛЬ. 14 ақпан. Украина Қарулы күштері ақпанның 14-іне қараған түні РФ-ның Қара теңіз флотына кіретін «Цезарь Куников» үлкен десант кемесін тас-талқан етті. .Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осымен Украина Ресейдің бесінші үлкен десанттық кемесін су түбіне шөктіріп, Қара теңіз флотын қауқарсыз етіп тастады.
Украина Қарулы күштері бас штабының мәліметінше, Ресей корабліне Қырымның оң жағалауындағы Алушта ауданында «Magura V5» теңіз дрондары шабуыл жасаған. Операцияны Украина Қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасымен бірлесіп жүргізілген.
Корабльге соққы берілгенін РФ қорғаныс министрлігіне жақын «Рыбарь» телеграм-арнасы да растады. Оның мәліметінше, кемеге экипажсыз катерлер шабуыл жасаған, ал оған бағыттап отыруды НАТО-ның ұшқышсыз барлау авиациясы жүзеге асырған.
«Цезарь Куников» – Ресей Қара теңіз флоты құрамында соғыс басталғанға дейін болған жеті үлкен десант кемесінің бірі. Украина Қарулы күштері оған бірінші рет Ресейдің басқыншылық соғысы басталғанына бір ай өткеннен кейін Бердянск портында шабуыл жасаған. Кеме сол жолы біршама бүліншілікке ұшыраған, бірақ кейін қалпы келтірілген.
Ресей Украинаға басып кіргенге дейін Қара теңіз акваториясына 13 үлкен десант кемесін топтастырған болатын. Оған Қара теңіз флотының жеті кемесінен бөлек, Солтүстік және Балтық флоттарының корабльдері де тартылған. Қазіргі кезде Украина армиясы Қара теңіз флотының бесінші кемесін су түбіне батырып жіберіп отыр.