Сыртқы істер министрлігі: Тина Канделаки енді Қазақстанға кіре алмайды
АСТАНА. 22 қаңтар. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки даулы мәлімдемесінен кейін елімізге кіре алмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Halyq Uni ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Бұдан бұрын ол Қазақстанда орыс тілінің ықпалы мен аясы тарылып жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын. Даукес бәдеқордың мұнысы әдеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Оның барысында ресейлік грузин қызы қазақтарды «мәңгүрт» деп атады.
Осыдан кейін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріменк кездесіп, ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки бұдан былай Қазақстанға кіре алмайтынын мәлімдеді.
Сыртқы істер министрлігінің өкілі Қазақстанға қарсы пікір айтқандарға мемлекет керек кезде шара қабылдайтынын ескертті.
«Мемлекет ондайды ешқашан кешірмейді. Ол (Тина Канделаки – авт.) Қазақстанға келе қоймас, ал келсе кіре алмайды», – деді Айбек Смадияров.
Тина Канделаки һхінің жазбасында «Уральск» атауының — «Орал», «Узень» атауының «Жаңаөзен» деп өзгеруі күмән тудыратын шешім екенін білдірген.
Ресейлік журналистің даулы жазбасына қатысты бірінші болып қазақстандық тележүргізуші Динара Сатжан жауап берді.
«Қымбатты Тина! Біріншіден, біз тәуелсіз егемен мемлекетпіз. Орыстардың жақсы мақалы бар ғой: «Өзге елде өз ережеңді жүргізе алмайсың»! Қай теміржол станциямызды қалай атайтынымызды өзіміз шешейік. Екіншіден, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Кеңес өкіметі жылдарында жоғалған ана тілін біртіндеп қайтарып келеді. Үшіншіден, орыс тілі біздің елімізде ұлтаралық қарым-қатынастың ресми тілі, ал қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады. Бұл біздің Конституцияның 7-бабында бекітілген. Теміржол вокзалдары, өздеріңіз жазғандай, өзгертілген жоқ, бірақ бұл олардың қазақ тіліндегі дұрыс аумақтық атаулары. Орыстың ығысуының бұған қандай қатысы бар? Ал бізде тек мемлекеттік тіл ғана емес, орыс, ағылшын тілдерінде де сөйлейміз. Біздің күшіміз осында!», – деп жазды ол.