Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Азиадада Қазақстанның шорт-тректен ерлер командасы чемпион атанды

ХАРБИН. 9 ақпан. Қысқы Азия ойындарында Қазақстанның шорт-тректен ерлер командасы алғашқы алтын медальді ел қоржынына салды. Бұл туралы Nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Азиада финалында республика намысын Глеб Ивченко, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев және Әділ Ғалиахметовтер қорғады. Олар 5000 метр қашықтыққа жарысуда 6 минут 59 секундтық нәтиже көрсетті. Осы көрсеткіш қорытындыда біздің жігіттерді бірінші орынға шығарды.

Бұған дейін 3000 метрге жарысудан қазақстандық шорт-трекші қыздар күміс медаль алған болатын. Ал бүгін фристайл-акробатикадан қазақстандық Аяна Жолдас қола жүлдегер атанды.

Кеше шаңғы жарысында тағы бір қазақстандық Константин Борцов күміс жүлдеге ие болды.

Турнирде хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы төртінші кездесуін өткізіп, жеңіске жетті. Ұлттық құрама барлық 12 ұпайды түгел алып, А тобында бірінші орынға шықты. Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 10 ақпан күні Оңтүстік Кореямен өткізеді. Кездесу Қазақстан уақыты бойынша шамамен сағат 9:00-де басталады.

Тағы бір жайт, үш қазақстандық шорт-трекші Азия ойындарынан шеттетілген еді.

Ойындардың бастапқы кезеңінде конькиші Евгений Кошкин күміс жүлде алған болатын.

Ал Азиаданың бірінші күні шорт-тректен аралас ұлттық құрама Қазақстан құрамасына алғашқы медальді әкеліп, күміс жүлдеге қол жеткізді.

Сол сияқты Қытай құрамасының сапында өнер көрсеткен қазақ Баян Жалынқызы 5 шақырым қашықтыққа еркін стильмен жарысуда бірінші орын алды. Ол Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Алтай округінің Жеменей ауданында туған. Бұған дейін Қытай құрамасындағы қазақ Самғар Серік шаңғы спортының спринт бағдарламасында қола жүлдегер атанған.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button