Петербургте күштік құрылымдар соғысқа жіберу үшін мигранттарды аулады
САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. 3 қаңтар. Ресей күштік құрылымдары 1 қаңтарға қараған түні Нева жағасындағы қалада мигранттарды ұстау операциясын жүргізді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сенген rast.kz хабарлайды.
«Мигранттарды жаппай ұстау ішкі істер қызметкерлерінің Украинада соғысып жатқан Ресей армиясы құрамын толықтыру жолындағы жұмыстарының бір бөлігі болып саналады», – деп жазды «Новая газета. Европа».
Басылым мәнбесінің мәліметіне қарағанда, 2023 жылғы тамызда «бас қолбасшы» алдында өткен жиында оккупанттар құрамын «еріктілермен» толықтыру мәселесі талқыланған. Онда ФСБ және қорғаныс министрлігінің өкілдері «Питерден 7000 ерікті жинап алуға болатынын» баяндаған. Сонда күштік құрылымдағылар бірінші кезекте мигранттарды қатарға тартуға болатынын айтқан.
Алайда полиция бұдан кейін сырттан келушілер тұрып жатқан пәтерлерді сүзіп шығып әуре бола қойған жоқ. Олай етсе, мигранттардың демде өз елдеріне кетіп қалулары мүмкін екенін ескерді. Сондықтын жаңажылдық кеш түнінде мейрамдап жүрген топтарды жаппай ұстауға шешім қабылдады.
Полицейлер мигранттарды адамдар көп шоғырланған жерлерден, соның ішінде Гостиный двордан және «Адмиралтейство» метро станциясы маңынан аулады.
«Фонтанканың» мәліметі бойынша, тәртіп сақшылары Петербургтің орталығында 3 мыңға жуық мигрантты қолға түсірген. «Новая газетаның» дерегінше, олардың саны бұдан едәуір көп болған. Ақырында «ерікті» ретінде 1,5 мың адаммен келісімшарт жасасудың орайы келген.
Олар жақында Украинаға аттанады. Өзбектің, тәжіктің, қырғыздың, әзербайжанның ұлдары. Өздері түгілі, ата-бабаларымен де ешуақытта жауласпаған халықты қыруға. Сонымен бірге өздері де сонда жер жастану үшін. Ресей үшін өлуге бел байлап.