Биылғы наурыз айының басында Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді
АСТАНА. 2 қаңтар. Үстіміздегі 2024 жылдың 1 наурызы күні Қазақстанның 15 өңірі уақытты бір сағат артқа жылжытып, бірыңғай мезгіл белдеуіне көшіріледі. Бұл туралы kursiv.kz дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Уақытты ауыстыру 29 ақпан күні, 1 наурызға қараған түні 00:00 сағатта жүзеге асырылады.
Осылайша екі сағат белдеуі алынып қалып, тек бір белдеу ғана қалдырылады.
Шешім 2023 жылғы 8 желтоқсанда қабылданған болатын.
«Батыс облыстардан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және 12 облыстың тұрғындары уақыттарын бір сағат артқа жылжытады», – деген еді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов сол кездері.
Құжатқа түсіндірмеде территориялық жағынан UTC+5 сағат белдеуінде орналасқан 12 облыс пен 3 ірі қаланың өзінің географиялық уақытынан алда (UTC+6) келе жатқаны айтылған. Мұның өзі оларда тұратын тұрғындар денсаулықтарына кері әсер етуде.
«Адамның ұдайы ұйқысы қанбауы, дене және ақыл-ой қабілетінің, иммунитетінің төмендігі уақыттың алға озуының әлеуметтік зардаптары болып табылады», – делінген түсіндірме жазбада.
Билік азаматтардың «денсаулықтары, экономика мен қауіпсіздіктері үшін» тұрақты сағат белдеулерін пайдаланулары қажет деп есептейді. Сондықтан 3 мегаполис пен 12 облыста мезгіл бір сағат артқа жылжытылып, UTC+5 уақыт белдеуіне көшіріледі. Осылайша, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау. Шығыс Қазақстан облыстары 2024 жылғы 29 ақпан күні 2024 жылғы 1 наурызға қараған түнде (00:00) жергілікті уақытты бір сағат кері жылжытады. Сөйтіп, олар Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының уақытымен теңеседі.
Ғалымдардың пікірінше, UTC+6 уақыт белдеуі біздің еліміздің табиғи күн уақытына сәйкес келмейді, бұл биологиялық ритмдар мен адам денсаулығына залалын тигізеді.
Бұдан бөлек, бірыңғай уақыт белдеуін жасау әртүрлі өңір тұрғындары арасындағы уақыт кедергілерін жояды, көлік және басқа да коммуникациялар жұмыстары жақсарады, бизнесті жүргізуге, мемлекеттік органдар мен төтенше жағдайлар қызметтерінің өзара іс-қимылына жағымды әсер етеді.