ӘР ШЕНДІНІҢ ҮЙІНДЕ – БІР «ҚУАНДЫҚ»
Әр шендінің үйінде бір-бір «Қуандық» өсіп келе жатыр.
Ал Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев баласын ақтап әлек.
Қылмыскер болса да, балам «жақсы адам» депті.
Бұл – біздің қоғамның дерті. Біз әулет болып біреудің басына іс түссе ақша жинап, соны құтқарып қалуға тырысамыз.
Осы дерт біздің өмірлік нормамызға айналып кеткен. Сау ақылмен қарасаң, сен қылмыскердің жазадан құтылуына атсалысып отырсың. Біз оны бауырлық, туыстық, ізгі әрекеттер қатарына жатқызамыз.
Біз зорлықшыл қоғамбыз! Есі дұрыс елде Дина Таңсәрі сияқты зорлықпен күресіп жүрген адамды қудалай ма?!
Мен мұның неге бұлай болғанын былай топшылаймын: Қуандық Бишімбаевтың әкесі баласының 100% кінәлі екенін біле тұра, неге қорғап тұр? Бұл – Қазақстандағы кез-келген шенеуніктің іс-әрекеті.
Яғни, заң шығаратын, үкіметтік орындарда отырған адамдардың үйлерінде бір-бір «Қуандық» өсіп келе жатыр. Олардың балаларына бәрі болады, бәрі кешірілуі тиіс олардың түсінігінде.
Тіпті соған керек десең, солай болуға жағдай жасап қояды. Ал Дина Таңсәрі сияқты адамдар оған кедергі жасайды. Сол үшін зорлықпен күресіп жүрген адамдар мемлекеттің жауына айналып отыр.
Себебі, мемлекеттік тетікті ұстап отырған адамдардың үйінде бір-бір «Қуандық» жүр.
Серік ХАСЕНОВ