Ресей спортшыларына Париж Олимпиялық ойындарына қатысуға рұқсат берілді
ЖЕНЕВА. 8 желтоқсан. Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) ресейлік спортшыларды 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиадаға бейтараптық мәртебесімен жіберу жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Шешім бүгін комитет сайтында жарияланды.
Ақыры миллиондаған спортшылар мен спорт жанкүйерлерінің күдігі шындыққа айналды, соғысқұмар милитаристік агрессор мемлекеттің сайыскерлері, бет-жүздерін жасырып болса да, әлемдік ең үлкен додаға қатыса алатын болып шықты.
ХОК сонымен қатар 2024 жылғы Олимпиялық ойындардың барлық ресми шараларында Ресейдің ұлттық символикаларының қолданылуына тыйым салынғанын атап көрсетті. Сол сияқты Ресей олимпиялық комитеті бұл Ойындарда ұлттық олимпиялық комитет ретінде көріне алмайды және оған Олимпиялық қозғалыстан ешқандай қаржы берілмейді деп отыр.
ХОК Ресейдің нақтылы қандай «бейтарап спортшыларының» жарыстарға қатысатындары туралы шешімді қабылдау құқығын өзінде қалдырды.
Осының алдында Халықаралық олимпиялық комитет Ресей олимпиялық комитетімен байланысын үзгенін жариялаған болатын. Бұған оның РФ басқыншы армиясы басып алған Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарының олимпиялық комитеттерін өз құрамына қосып алғаны себеп болды. ХОК оларды Украина ұлттық олимпиялық комитетінің еншілігіндегі құрылымдар деп есептейді.
ХОК-тың мәліметінше, қазіргі мезетте Ресейдің 8 спортшысы іріктеу кезеңдерінен өтіп, Олимпиадаға жолдама алып үлгерді. Ойындарға тек «әскерилермен және күштік құрылымдармен байланыстары жоқ» спортшылар ғана қатыса алады.
Сондай-ақ Беларусь азаматтарына да бейтараптық статусында Ойындарға қатысуға рұқсат етілді, олар да жарыс барысында өз елдерінің нышандарын пайдалана алмайды. Әзірге 3 белорус спортшысының Олимпиада квалификациясынан өткені белгілі болып отыр.