Байден Украинаға көмек көрсету үшін АҚШ-тан босқындарды қууға уәде берді
УАШИНГТОН. 8 желтоқсан. АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Конгрестегі республикашылардың Украинаға берілетін көмекті қолдауы үшін көші-қон саясатын күшейтуге бейіл болып отыр. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Reuters агенттігінің өз мәнбесіне сүйеніп мәлімдеуінше, Конгрестегі республикашылар президенттен ең алдымен миграция саясатын қатайтып, АҚШ-қа қашып келген босқындарды тезірек елден шығаруды талап еткен. Тек осы тәртіп жүзеге асқаннан кейін ғана Украинаға көмектесу мәселесін оңынан шешуге болады.
Атап айтқанда, Ақ үй тұрақ алу үшін жасалатын тексеруді қатаңдатуы, босқындарды шекарада ғана емес, бүкіл елдің территориясында ұстап алып, сыртқа шығаруы, сондай-ақ АҚШ-қа үшінші ел арқылы келгендерге баспана беруден бас тартуы тиіс.
Мәнбенің айтуынша, сондай-ақ келісімге келу жолында жұмыс жасап жатқан екі партияның сенаторлары қазір баспана беру туралы өтінім санына қысқарту енгізудің жөнін талқылау үстінде.
Осының алдында АҚШ сенатында Украинаға $61 млрд көлемінде көмек ұсыну туралы заң жобасына дауыс берудің қорытындысы оң нәтиже әкелмеген еді. Құжат қабылдану үшін оған 60 дауыс керек болатын, бірақ ол бар болғаны 49 дауыс қана жинады. Бұған қарсы дауыс берген республикашылар Украинаға, Израильге және Тайваньға берілетін көмек пакеттерін қысқартып, көші-қон заңнамасын күшейтуді алға тартқан-ды.
Осыдан кейін Байден мұны Украинаға жәрдем беруді мүмкін етпеуге бағытталған «барынша ессіздік» деп бағалады. Ол депутаттарды «Путиннің [РФ президенті Владимир] жеңуіне жол бермеуге» шақырып, мұның оған «керемет сый» болып шығатынына назар аударды.
Ақ үйдің қожайыны Украинаға көмек тоқтап қалмауы үшін республикашылар күн тәртібіне қойып отырған мәселені шешуге ықыласты екенін білдірді. Украинаға қалайда көмек берулі керек.
Ал Пентагонның басшысы Украинаға көмекті тоқтату Ресеймен АҚШ-тың ашық бетпе-бет келіп соғысуына алып баратынын айтып, оған сенаторлардың жақындары қатысуға мәжбүр болатынын айтып ескертті.