Астаналық орыс әйел қазақтарды бір-бірлерін өлтіруге шақырғаны үшін сотталды
АСТАНА. 28 қараша. Астана қаласының тұрғыны Наталья Свириденко қазақтар тарапына қорлық сөздер айтып, өздерін бір-бірлерін өлтіруге шақырғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Свириденко (қыз кезіндегі тегі – Меркулова) Наталья Валентиновна ҚК-нің 174-бабының 1-бөлігінде (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және оған орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын», – делінген Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде.
Инциденттің өзі биылғы 7 тамыз күні орын алды.
«Сағат 1.00 шамасында Н. В. Свириденко Астанадағы үйінде (…) «Королева 2» аккаунты арқылы өз абоненттерімен ТikTоk әлеуметтік желісінде тікелей стрим-трансляция жүргізеді. Тікелей трансляция барысында Н. В. Свириденко ұлттық ар-намыс пен азаматтардың қадір-қасиетін қорлауға, ұлттық ар-намысты өршітуге бағытталған қылмыстық ниет танытты. Н.В. Свириденко тікелей трансляция кезінде оның абоненттерінің арасында басқа ұлт өкілдері бар екенін біле отырып, қазақ ұлтының ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде білдіре отырып, Қазақстан халқы арасында қызу талқылау мен қоғамдық резонанс тудырып, ашық түрде қорлай бастады», – делінген сот үкімінде.
Іс материалдарына сәйкес, Н. В. Свириденко қазақ этносының өкілдеріне қарата айтқан есепсіз боқтық сөздерінен бөлек, қазақтарды маймылдармен теңестірген, көрермендерінің бірінің балаларына өлім тілей отырып, олардың біреуін «науқас» деп атаған, ал Алматыдағы қаңтар трагедиясы мен Жаңаөзен оқиғалары үшін жауаптылықты қазақтарға жүктеген.
«Осылайша, Н. В. Свириденко телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, ұлттық ар-намыс пен азаматтардың қадір-қасиетін қорлау үшін ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана әрекеттер жасады», – деп қорытындылайды сот.
Сот TikTok-тан эфир жазбасын қарап шыққаннан кейін астаналық әйелдің мәлімдемелері «бүкіл қазақ халқын және Қазақстанның мемлекеттік билігін қорлайтын және кемсітетін мазмұндағы әдепсіз, қолайсыз сөздерден тұрады» деген қорытындыға келді. Сондай-ақ сотталушы әйелдің тікелей эфир кезінде мас болғаны да анықталды.
«Н. В. Свириденконың TikTok әлеуметтік желісінің тікелей эфиріндегі әрекеті қазақ ұлтына қатысты азаматтық араздықты насихаттауға бағытталған. Свириденко Н.В. «шимпанзе», «макака», «ұрлаған», «өлтірген», «бір-біріңді өлтіріңдер», «Жаңаөзендегідей тонау басталғанын қалаймын», «мақұлықтар» деген сөздер арқылы ұлтаралық алауыздықты тудырып, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайды. Өз сөздерімен Н. В. Свириденко конституциялық құрылысты бұзуға шақырады, олар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық қатынастарға нұқсан келтіруі мүмкін. Оның сөздерінде тонауға және қоғамдық тәртіпті бұзуға, бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуге ашық үндеулер көрінеді, олар әлеуметтік қауіпті болып табылады және Қазақстан халқының бірлігіне қарсы бағытталған», – делінген іс материалдарында.
Сонымен бірге, сот үкімінде Свириденко ақыл-есі дұрыс деп танылғаны, оның өзі жасаған әрекеттері үшін шын жүректен өкініш білдіргені атап өтілді.
Үкім 23 қарашада шығарылды және ол жөнінде шағымдануға болады.