ХАМАС содырлары Израильді үздіксіз атқылаудың астына алды
РАМАЛЛА. 7 қазан. Бүгін Палестинаның ХАМАС қозғалысы Израильді атқылап, «соғыс операциясы» басталғанын жариялады. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Таяу Шығыстағы Газа секторын бақылауында ұстап отырған ХАМАС қозғалысы Израильге қарсы «Әл-Ақса тасқыны» атты операцияның басталғанын ресми түрде жария етті. ХАМАС-тың әскери қанатының басшысы Мухаммад Деф Израиль территориясына 5 мыңнан астам ракета жіберілгенін мәлімдеп, барлық палестиналықтарды қолға қару алуға шақырды. Ол операцияның мақсаты Палестина (Фаластин) мемлекетін құру екенін атап өтті. Командование бұған Израильдің «Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітін қорлауына кек қайтару» себеп болып отырғанын жеткізді.
Ракета зарптары Израильдің оңтүстік және орталық аудандарын қамтыды. Magen David Adom құтқару қызметі Гедерот аймақтық кеңесінің ғимаратына берілген соққыдан 60 жастағы әйелдің опат болғанын растады. Израиль БАҚ-тары сондай-ақ әлденеше ондаған адамның зардап шеккендерін жазып жатыр.
Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант ХАМАС қозғалысының осы арқылы іс жүзінде Израильге қарсы соғыс ашып отырғанын мәлімдей келіп, бұл соғыста Израиль армиясының жеңетінін тәкпір етті. Ол елдің оңтүстік және орталық аудандарында төтенше жағдай режимін жариялады. Оның аумағына Газа секторынан радиусы 80 шақырым жерге дейінгі атырап кіреді. Бұл алапта жұрттың бір жерге шоғырланып жиналуына және әртүрлі әрекет етулеріне тыйым салынып отыр.
Израиль бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, жүк көліктері мен парапландар көмегіне сүйенген фаластиндік ондаған содыр елдің территориясына ендеп кіріп кеткен. Олардың бірқатары Сдеротадағы полицейлер станциясын, бір ұшақты басып алған, әскери қызметкерлерді тұтқындаған.
Қазір Израиль қорғаныс күштері Газа секторына жауап соққы беруге кірісті. Израильдің оңтүстіктегі аудандарында, соның ішінде Офаким мен Нетивотта екі жақты атыс жүріп жатыр.
Соңғы мәліметтер бойынша, Израильде ракетадан атқылау салдарынан зардап шеккендер қатары 200 адамнан асып кеткен.
Әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Еуропа одағы ХАМАС содырларының бұл әрекетін қатты айыптап отыр.