Армения соғыс басталғалы бірінші рет Украинаға гуманитарлық көмек жіберді
ЕРЕВАН. 6 қыркүйек. Армения (Хайастан) билігі Ресей шапқыншылығынан қатты зардап шегіп жатқан Украинаға соғыс басталғалы бері алғаш рет ресми емес түрде гуманитарлық көмек көрсетті. Бұл туралы news.am дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Армения кең ауқымды соғыс басталғалы бері бірінші рет Украинаға өз бетінше гуманитарлық көмек жөнелтті», – деп жазады «Азатутюн».
Көмек бүгін, 6 қыркүйек күні Киевте «Бірінші ледилер мен джентельмендер үшін» деген атпен өткен саммиттің аясында жасалды. Іс-шараға қатысқан армян делегациясын Хайастан премьер-министрінің жұбайы Анна Акопян (суретте) бастап барды. Алайда Ереван бұған ресми мәлімдеме берген жоқ.
Атап өту керек, Армения Мәскеудің Кавказдағы сателлиті (құйыршығы, қолшоқпары) болып табылады. Ол Кремльге әскери жағынан да, экономика жағынан да толық тәуелді. Мұны хай елінің премьер-министрі Никол Пашинянның өзі де жасырып отырған жоқ. Жақында ол мұны «Хайастан тарапынан жіберілген үлкен қателік болды» деп атады. Ал бүгін ҰҚШҰ-дағы армян елінің елшісін кері шақырып алды.
Мұның бәрі Армения билігінің Ресейдің қол астында жүре беруден жалыға бастағанын, енді оның ықпалынан кетіп қалуға бет алғанын көрсетеді.