Өзбекстан тіркеусіз некеге, бетті тұмшалауға, көп әйел алуға тыйым салады
ТАШКЕНТ. 6 қыркүйек. Өзбекстанда әйелдердің бетін тұмшалап жүрушілігі мен ер кісілердің көп әйел алу жайында насихат жүргізуіне заң жүзінде тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Kun.uz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осы мақсатта республика парламенті – Олий мажлистің кезекті отырысында «Өзбекстан Республикасының Қылмыстық кодексі мен Өзбекстан Республикасының Әкімшілік жауапкершілік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қарастырылғалы жатыр.
Ұсынылып отырған Өзбекстан Республикасының Қылмыстық кодексі мен Өзбекстан Республикасының Әкімшілік жауапкершілік кодексі өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жіберілді. Заң азаматтарды ұлттық, нәсілдік, этникалық немесе дін негізде кемсітуге немесе қорлауға шақыратын идеология таратушылыққа жаза белгілеу мақсатында қабылданғалы отыр. Сондай-ақ оларға белгіленген заң тәртібіне сәйкес некеге тұрмауға байланысты діни салт-дәстүрлер жасаушыларды жазалау туралы ұсыныс енгізілді.
Бұдан бөлек, жобада екі немесе одан да көп әйелмен бірге тұрушылық насихаты үшін, сондай-ақ әйелдер мен еркектердің теңдігін көпшілік алдында жоққа шығарушылық үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу қарастырылады. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары тиімділігін арттыру, соның ішінде «Қауіпсіз қала» тұжырымдамасы аясында қоғамдық орындарға жеке өзінің кім екенін көрсетпей, бетін тұмшалаған қалыпта келетін тұлғаларға әкімгершілік жауапкершілік енгізіледі.
Өзбекстан осылайша бет бүркемелейтін киімдерді қоғамдық орында киюге тыйым салады, көп әйел алушылықты насихаттауды заңмен тоқтатқалы отыр.