Алламжонов ісі бойынша сотталушыларға үкім шығарылды

ТАШКЕНТ.12 ақпан. Бүгін өзбек байтағында президент әкімшілігінің экс-қызметкеріне қастандық жасаушыларға жаза белгіленді. Бұл туралы kun.uz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Өзбекстанның әскери сотында президент әкімшілігінің бұрынғы қызметкері Камил Алладжоновқа ұйымдасқан түрде қастандық жасауға қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы аяқталды. 10 адамға қатысты үкім жарияланды», – делінген хабарламада.
Жоғарғы сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шухрат Расуловтың, Шахрух Ахмедовтің, Исмаил Жахонгировтің – әрбірі 23 жылға, Жавлон Юнусов – 18 жыл 6 айға, Дониёр Тошхужаев 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Бұдан бөлек, тағы 5 айыпталушыға жасаған әрекеттеріне сәйкес әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Комил Алламжановқа қастандық жасау
Өзбекстан президенті әкімшілігінің ақпараттық саясат бөлімін 2024 жылдың 30 қыркүйегіне дейін басқарған Комил Алламжановқа 26 қазанда шабуыл жасалды: ол отырған көлікке бірнеше рет оқ атылды. Шенеуніктің өзі зардап шеккен жоқ. Дәл осы күні қылмыстық іс қозғалды.
Келесі күні, 27 қазанда бірінші күдікті қамауға алынды. Бас прокуратура қарашаның 25-і күні таратқан мәлімдемеде ұсталғандар саны жеті адамға жеткенін, олардың тек біреуінің ғана аты-жөні анықталғанын, оның Оңтүстік Кореядан экстрадицияланған Жавлон Юнусов екенін айтты. Сондай-ақ мәлімдемеде Қазақстанда тағы бір күдіктінің ұсталғаны тәкпірленді.
Қараша айында мемлекеттік күзет қызметі (МҚҚ) мен ішкі істер министрлігінен бірқатар жоғары лауазымды шенеунік қызметтен босатылды. Мәнбелердің хабарлауынша, бұл отставкалар Алламжоновқа қастандық жасау әрекеті шеңберінде жүргізіліп жатқан тергеуге байланысты жасалған.
Шешен ізі
Желтоқсан айында Өзбекстан Ресейдің екі азаматы Бислан Расаев пен Шамиль Темирхановқа Интерпол арқылы халықаралық іздеуге жариялады, олардың шешендер екендері де айтылды. Бас прокуратураның хабарлауынша, бұл Алладжоновқа қастандық жасау ісіне қатысты көтерілді, ал іздеуде жүрген ер адамдар Өзбекстанға заңсыз кіріп-шықты, қылмысқа қатысты ақпаратты жасырды және атыс қаруын заңсыз ұстады деп айыпталуда.
Мәтбұғатта тараған, расталмаған мәліметтерде Расаев пен Темирхановқа Өзбекстан президенті әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Камил Алладжонов пен перспективалық жобалар агенттігінің директоры Дмитрий Лиді өлтіруге бұйрық берілгені және тапсырыс беруші екі кісі өлтіргені үшін оларға 1,5 миллион доллар сыйақы беруге уәде еткені айтылған.
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров өткен жылғы 26 желтоқсанда жасаған мәлімдемесінде Қибрайдағы қылмыста «шешен ізі» бар екенін тағы да жоққа шығарды, бірақ сонымен бірге Комил Алламжанов пен Дмитрий Лидің өз «әрекеттері» үшін жауап берулері тиіс екенін баса айтты. Заң шығару палатасының депутаты Одилжон Тожиев бұл қоқан-лоққыларды Өзбекстанның ішкі ісіне араласу деп санаса, ұлты қазақ бұрынғы депутат Расул Көшербаев терроризм деп атады. Тожиев сондай-ақ Ресей бас прокуратурасынан Қадыровтың қоқан-лоққыларына құқықтық баға беруді сұрады.
Kun.uz сайтының хабарлауынша, Шухрат Расулов бұған дейін бұрынғы президент жанындағы мемлекеттік күзет қызметі ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы болып жұмыс істеген. Ол Комил Алламжановқа қастандық жасауға тапсырыс берген адам ретінде қамауға алынды.
Осы іске қатысты аты-жөні ресми жарияланған жалғыз айыпталушы – Жавлон Юнусов. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол тапсырыс беруші мен қастандық жасаушылар арасындағы делдал болуы мүмкін.