Таным

Адам өмірінің бір бедері – «Боз орамал» (видео)

Біз де қартаяйық дедік пе, қазір сәл нәрсеге көңіліміз босайтын болыпты.

Осыдан оншақты күн бұрын қазақтың аса талантты шығармашылық өкілінің бірі Тынышбай Рахымның «Боз орамал» деген өлеңін тауып алып, сағаттап тыңдаған, тыңдай отырып, көздің жасқа шыланғанын аңғармай қалған кезіміз аз болған жоқ.

Тынышбай Рақым
Тынышбай Рақым

Мұның үш түрлі себебі бар. Біріншіден, әннің мәтінінде айтылатынындай, адамның өмірі де әу басында қып-қызыл орамал секілді бояуы қанық болып басталады екен. Жылдар өте келе сол орамалдың түсі оңарады. Оңарғаны сол, баяғы қызыл орамал біртіндеп бозғылт тартады. Міне, жарық дүниедегі тіршілігіміз басындағы қырмызы орамалдың бозғылт тарта бастаған шағына біз де жетіп қалыппыз. Екіншіден, осындай ғажайып әуен мен ғаламат сөз жазып, ән қылып таратып отырған автормен бір кездері аз да болса араласып қалған екенмін. Ол менің үлкен өмірді жаңа бастап жатқан шақтағы тұсыммен тура келеді. Үшіншіден, осындай керемет туындыға да қиянат жасағысы келген қараниетті пенделер болды. Бірақ аққа құдайдың жақ екені рас қой, бәрібір адалдық салтанат құрып, осы «Боз орамал» да, «Алтайдың ар жағынан келген ару» да аман қалды…

Енді ретімен баяндайық.

Біздің кезімізде ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсу алыстағы айға барып қонумен бірдей болды. Ондағы конкурстың жайын кейін айта жатармыз, ал әзірге журфактың күндізгі бөліміне түсе алмағасын, сонда алған балл өлшемімен сырттай оқуға тапсырған кезіміз де кезікті. Бұл 1973 жыл еді. Айтары жоқ, алған балымызбен мұнда оңай өтіп кеттік. Сөйтсек, мұнда да тартыс-талас бар екен. Сол таластың тағанында ең соңғы қалған бір орынға екі талапкер ұмтылды. Олар – Тынышбай Рахимов пен Доқтырхан (Ноқтырған) Тұрлыбеков екеуі бір бірлерін қатты құрметтейтін достар болып шықты. Оның үстіне екеуі де Жамбыл облысынан келген. Бірі (Тынышбай) облыстық газетте қызмет істесе, екіншісі (Доқтырхан) радиода еңбек етеді. Құданың құдіреті, осы екі досты таластырып қойған сынақта сырттан оқу бөлімінің студенті деген құрметке Доқтырхан ие болды.

Сол кезде Доқтырханның күйіп-піскенін де көрдік. Ол: «Бұл орынға мен емес, Тынышбай лайық еді» дегенді ышқынып тұрып айтты. Онымен де қоймай, емтихан комиссиясына да барып келді. Бірақ бұйрық шығып кеткен, өзгертуге болмайды. Біз Тәкеңмен сол кезде таныстық.

Кейін музыка әлеміндегі жаңалықтарына да қаныға бастадық. Соның ішінде, елде жүргенімізде Тынышбай Рахым шығарған «Алтайдың ар жағынан келген арудың» жұрт керемет ықыласпен қабылдаған қаншалықты маңызды шығарма болғанын да көрдік. Сол жылдары қазақтың бірде-бір тойы, бірде-бір ойын-сауық кеші, сосын құда шақыруы осы әнсіз өтпеуші еді.

Кезінде сол әнге де көре алмайтын көрмәдік біреулер қиянат жасағысы келді. Сол кезде қазақтың осы заманғы ең мықты журналистерінің бірі Қали Сәрсенбай оны жанын салып тұрып қорғап қалды. Осы мақала уақытында «Егемен Қазақстанда» жарияланды. Бұдан кейін тағы біреулер «Боз орамалға» да тиіскесі келді. Мұндай қаракөкіректер бертінде белгілі өнер шебері Алтынбек Қоразбаевқа да тап осылай жала жапқылары келіп бақты. Бірақ әділдік жеңді, Алтекең алпыс екі тамырын иіп шығарған әнін ғана емес, өзінің ар-намысын да қорғай білді.

Осындай шибөрілер шабуылдары онсыз да жүректері нәзік талант иелеріне оңай тимейтін болса керек. Бұған дейін де өкпесінде кінәраты бары белгілі болып жүрген Тәкең осы айқастардың соңында сыр беріп алды. Бұл оның өмірінің де тәмам болуына апарып соқтырды.

Алайда, аяулы Тәкеңнің соңында өшпес мұралары қалды. Оның сосын «Қазақ телевидиенісіндегі» әйгілі «Кеш жарық» деген бағдарламасының өзі неге тұрады!

Шығармашылық шырғасында оның әртүрлі саладағы иелерін салыстырып қажеті жоқ шығар. Соның ішінде біз ақындықты алланың сыйы ретінде бағалап жатамыз. Бірақ табиғаты ақын қазақта бұл тым таңсық болмаса керек. Егер осы ақындыққа сазгерлікті жаратқан иеміз қосып беріп жатса, сосын сол кезде туып жатқан шығармаларды өзіңнің орындай алуыңа мүмкіндік беріп ойып тұрса, сен үш есе талант иесісің. Сол үш дүркін талант иесі осы Тынышбай Рахым еді.

Тәкеңнің «Боз орамалы» – нағыз философиялық ән. Ол біздің шайтан емес, пенде екенімізді, бірақ мына өмірге бекер келмегенімізді танытады.

Өткенде менің Әбдірейім досым (қасиетті қожа ұрпағының өкілі) кейінгі кездері осындай жүрек тебірентерлік әндерді тыңлай беруге қайыл екенін білдірген екен. Шамасы, ол да, біз де қартайып келе жатсақ керек. Қашанғы жас болып жүре береміз?

Енді, ағайын, Тынышбай Рахимовтың рухы тыныш болсын, қазақтың осында аса талантты ұрпағының қанасын жарып шыққан ғажайып әннің мәтінін назарларыңызға ұсынғым келеді.

Осыдан кейін Абай айтпақшы, Тынышбай Рахымды да өлді деп айтуға бола ма?

БОЗ ОРАМАЛ
Әні мен сөзі Тынышбай Рахымдыкі

Кетпейсің көңілімнен сен бір өлең,
Ғашық ем көздеріңе мөлдіреген, сәулем.
Қып-қызыл емес пе еді-ай орамалың,
Жас дәурен жалауындай желбіреген, сәулем.

Қайырмасы:
Алаулы таңдарым менің,
Аяулы арманым менің,
Өзіңе сағыныш сазын,
Арнадым дедім, сәулем.

Келеді балғын күнім көз алдыма,
Аттаған ақ босағаң базарлы ма, сәулем.
Бояуы солғындады гүл дәуреннің
Қып-қызыл орамалың бозарды ма, сәулем.

Қайырмасы

Арай таң ақ қанатын жасарады,
Нұр түсі гүл жайнайтын кез орамал, сәулем.
Сағымға араласқан сағыныштай
Жаныңды жүдетті ме боз орамал, сәулем.

Қайырмасы

Бір дәтке қуат ететініміз, тіршілігінде Тынышбай Рахыммен біршама уақыт жақынырақ танысып үлгердік. Ол әлгіндегі «абитуриенттік» оқиғасынан кейін көп ұзамай, Жамбыл (қазіргі – Тараз) қаласынан Алматыға қоныс аударып, «Қазақстан пионері» (қазіргі – «Ұлан») газетіне қызметке орналасты. Ал біз тура екі жылдан кейін журналистика факультетінің күндізгі бөлімінде оқуымызды жалғастырдық, Сол аралықта дос-ағамыз, белгілі ақын Асқар Кіребайұлының алғауымен оның құрдасы әрі сырлас досы Тынышбай ағамен де араласа бастадық. Оның нағыз талант иесі екеніне де сөз жеткіздік. Алғаш ауыл шаруашылығын механикаландыру, сосын музыка училищесін бітірген ол музыкалық аспаптың біразын еркін меңгерген еді. Керемет ақындығына, ғажайып композиторлығына қоса, ол тағы домбыраның құлағында ойнайтын дәулескер күйші де еді-ау!

Әттең, осындай жан-жақты таланттың егесі – Тәкеңнің бұл жалғандағы ғұмыры келте болды. Сол өкінішті!…

Серік ПІРНАЗАР

Facebook, 11 қазан 2015 жыл

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button