Бокс. Әлем чемпионаты: Алтыншы күнгі жетістік – екі жеңіс
ТАШКЕНТ. 6 мамыр. Өзбекстан байтағында жалау желбіреткен бокстан әлем чемпионатының алтыншы күнінде рингке екі қазақ көтеріліп, екеуі де 5:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Бүгін 63,5 келіге дейінгі салмақтағылар – 1/8 финалдық, ал 67, 71 келіге дейінгі салмақтағылар 1/16 финалдық жекпе-жектер өткізді.
Біздің екі атлет те күндізгі сессияда шайқасты. Екеуі де Ташкент рингіне бірінші рет шықты. Соның ішінде 67 келіге дейінгі салмақтағы Дулат Бекбауов румыниялық Андрей Мустеттен, ал 71 келіге дейінгі салмақтағы команда капитаны Асланбек Шымбергенов Тринидад және Тобаго өкілі Аарон Принстен үш раундта басым болды.
Енді екі боксшымыз да 9 мамыр күні шаршы алаңға шығып, 1/8 финалдық жекпе-жектерге қатысады. Сол жолы Дулат – қытайлық Фу Мингкемен, Асланбек израильдік Мирослав Капулермен ширек финалға шығу үшін күш сынасады.
Бүгін Өзбекстан құрамасы сапында 63,5 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жатқан қазақ жігіті Руслан Абдуллаев кезекті жеңісіне жетті. Ол өткен жолы біздің Санатәлі Төлтаевтың жолын кескен маврикийлік Ричарно Луис Колинді айқын басымдықпен жеңіп шықты. Осы жерде Русланның бұдан екі жыл бұрын Қазақстанға келіп, өзін қатарға қосуды өтінгенде, құраманың сол кездегі штабы командаға қабылдаудан бас тартқаны еріксіз еске түседі. Одан бергі аралықта біздің өзбекстандық қандасымыз Азия чемпионы атанып үлгерді.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы сапынан Талғат Сырымбетов (60 кг), Санатәлі Төлтаев (63, кг) және Айбек Оралбай (92 кг) сынды жігіттердің жарыс жолынан шығып қалғандарын айта кеткіміз келеді. Өзбекстан құрамасы құрамынан кеше бірінші боксшы – Жасурбек Юлдашов (80 кг) сәтсіздікке ұшырады.
Ертең, 7 мамыр, чемпионаттың жетінші күні 51, 57, 75 келіге дейінгі және 92 келіден ауыр салмақтардағы атлеттер рингке көтеріледі. Бұл сапта бізден Сәкен Бибосынов (51 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) бар. Бұлардың арасында Сәкен мен Нұрқанат әлем чемпионатындағы бірінші шайқастарын 1/16 финалдан бастайды. Ал қалған екеуі 1/8 финалдық айқасқа шығады.
Атап айтқанда, бұл күні Сәкен – үндістандық Дипак Дипакпен, Серік – венгер Роланд Вереспен, Нұрқанат – доминикандық Виргилия де Лос-Сантос Делгадомен, ал Қамшыбек сириялық Мохаммад Млайеспен кездеседі. Бұлардың алдыңғы үшеуі рингке күндізгі сессияда, ал Қамшыбек кешкі сессияда шығады. Жарыс күнінің А рингіндегі шымылдығын Сәкен өзінің қарсыласымен бірге ашып береді.
Егер Сәкен жеңіске жетер болса, Занг Жиамао (Қытай) – Мехроб Хамидов (Тәжікстан), Серік жеңіс тұғырынан табылса, Дель-Рей Сайдел Орта Родригес (Куба) – Хосе Луис де Лос-Сантос Фелиз (Домииника), Нұрқанат қарсыласынан асып түсіп жатса, Фахад Алхури (БАӘ) – Уандерей Перейра (Бразилия), Қамшыбек ұтып шықса, Баходир Жалолов (Өзбекстан) – Теремоана Теремоана (Австралия) жұптарының жеңімпаздарымен келесі айналымда бетпе-бет келеді.
Күндізгі сессия шайқастары – сағат 14:00-17:00, кешкі сессия сағат 18:00-21:00 аралығында өтеді.
Суреттерде: 1. Дулат Бекбауов рингте; 2. Асланбек Шымбергенов рингте; 3. Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабы