Лукашенко Ресеймен бірге Украинада соғысуға дайын екенін айтты
МИНСК. 16 ақпан. Беларусь президенті Александр Лукашенко өз елі әскерлерінің Ресей армиясымен бірге Украинамен соғысуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы «Белсат» хабарлады.
«Александр Лукашенко Беларусьтің Ресей әскерлерімен бірге Украинадағы соғысқа қатысуға әзір екенін баяндады. Бұл жағдай егер «ол жақтан бір ғана солдат шығып, менің адамдарымды өлтіретін болса» орын алады. Саясаткер Минскіде журналистермен кездесуі кезінде осылай деді», – деп жазды «Белсат».
Александр Лукашенко көршілерін соғыспен қорқытып қойды. Шетелдік және беларусьтік журналистермен кездесу кезінде ол өз елі армиясының Украинада соғысып жатқан Ресей армиясына қосылуға дайын екеніне назар аударды.
«Мен тек бір жағдайда ғана ресейліктермен бірге Беларусь территориясынан соғысқа қатысуға дайынмын: егер ол жақтан құрығанда бір солдат Беларусь территориясына келіп, менің адамдарымды өлтіретін болса. Егер олар Беларуське қарсы агрессия жасаса, қайтаратын жауабымыз өте қатқыл болады. Соғыс та мүлде басқаша реңк алады», – деп қаһарын төкті Лукашенко бұл әңгіменің басқа көршілерге де қатысы бар екенін ескерте тұрып.
Ол сонымен бірге Беларусь «қандай бір жағдайда да Украина территориясына өзінің әскерін кіргізбекші болып отырған жоқ» деп тағы бір көсілтіп өтті. Бір сөзіне бір сөзі үйлесе қоймайтын президент мұны сосын: «Егер ол жақтан Беларусь территориясына агрессия жасалмаса болды» деп толықтырып берді.
Лукашенко сонымен бірге бірлескен топтық сипатта жүргенімен, Ресейдің ешқашан белорус армиясы соғысқа қатыссын деген тілек айтпағанына да тоқталды.
Ол сондай-ақ Беларусьті дүркін отты жүйемен атқыламақ болған ресми Киевті тағы кінәлады.
«Бұл украиндар тарапынан ойластырылып жасалған әрекет болып шықты. Мен мұның неге керек болғанын түсінбеймін. Оларға алғашқы минуттарда соққы Беларусь территориясынан жасалды. Бұл бірнеше минутқа ғана созылды – арнайы соғыс операциясы басталар алдында жасалды», – деп ақталды сосын белорус диктаторы.
Лукашенко Ресей лидері Владимир Путиннің шектен шыққан цинизмі мен арсыздығын қайталап, ресейліктер тарапынан ешқандай басып кірудің болмағанын айтты. Сосын мұнымен шектелмей, жанжалдың арандатушысы ретінде Украинаны атап көрсетті.
«Украин билігі бұл операцияға Ресейді өздері арандатып салды. Соғыс болмауы үшін Ресеймен келісімге келуі керек еді. Бірақ барлық тірлік, – Минск келісімдерінен бастап, – соғыс отын тұтатып жіберуге бағытталды. Ешқандай басқыншылық болған жоқ. Мен мұны онда тұратын орыс адамдарын қорғау Ресейдің мүддесі деп есептеймін», – деді кіші диктатор үлкен диктаторды қорғаштап.
Лукашенко Украинаны бұл соғысқа айдап салған Батыс екеніне, ал Польшаның мақсаты Украинаны бөліп алу екеніне сенімді. «Сіздер Ресейді айыптайсыздар. О, сіздер Украинаны поляктардың қолымен бөлшектеп тастағыларыңыз келеді», – деп тағы лағып кетті ол.
Диктатор екі жақты бейбіт келісім жасасуға шақырды, бірақ, оның айтуынша, мұны Украина да, Батыс та керек етпейді.
Дұрыс. Бүкіл әлем қазір бұлардың Гаага сотына «аман-есен» жетулеріне тілек қосып отыр.
Осыдан бірер күн бұрын Александр Лукашенко Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімшарт Ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовті Минскіге арнайы шақырып келтіріп кездескен кезінде аталмыш одақ мүшелерінің Украинадағы соғыстан қашып, бір шетте бұғып, ақырын күтіп, шеткері қалып қоя алмайтынын сөздің арқауы еткен болатын.