Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Қазақтарды төзімді бола беру жалықтырды – Тайжан

АЛМАТЫ. 17 ақпан. Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан өзінің Facebook-тегі парақшасына қазақтарды ұлт аралық қарым-қатынаста тек өздерінің ғана төзімділік көрсете берулері жалықтырып болғанын жазды. Бұл туралы NewTimes.kz хабарлады.

Мұхтар Тайжанның бұл жолғы жазбасы танымалдылығы жөнінен оның бұдан бұрынғы мәлімдемелерінің бәрінен асып түсті. Жарияланымда ол біздің елімізде екітілділік пен толеранттылықтың тек қана қазақтардың міндеті болып қалғанын, ал мұнда тұратын басқа ұлт өкілдерінің тым болмаса мемлекеттік тілде 100 сөз үйреніп алуға да талпынбайтындарын ашына жазады.

Қоғам қайраткерінің сөзінше, Қазақстанда қазақтардың қазақ тілінде мемлекеттік қызмет көрсетілуіне жете алмайтынындай жағдай қалыптасқан.

Бұдан әрі біз Мұхтар Тайжанның орыс тілінде жазған сол постысының мәтінін еш өзгеріссіз аударып береміз:

«Мен қашаннан елде тұратын басым халықтың тілін білмей тұрып, жұрттың қалай өзін журналист, саясаттанушы, саясаткер, социолог санауына болатынына, елдің қоғамдық проблемаларымен айналысатындарына қайран қалушы едім.

Өйткені, мұның өзі – баспасөздің, ал қазір әлеуметтік желінің де ауқымды бөлігінің күн тәртібінен, халықтың негізгі бөлігінің ойлары мен жан бұлқынысынан хабарсыз болу деген сөз. Қазақтың тарихы мен ұлттық менталитеті туралы айтпағанда.

Иә, Алматы мен Астананың сол жағалауының «алтын квадратына» қызмет ететін журналист болып жүре беруге болады. Бірақ бұл адамдар жұртқа «ақыл айтуды» бастап, бүкіл халықтың атынан ұлттық мәселе бойынша, ұлтаралық қатынастар бойынша өзгелерден кешірім сұрауға кіріскенде бұдан да күлкілеу, сырттан қарағанда, шын күлкілі болып көрінеді. Бұл – айдаладағы немістерге барып, оларға қалай өмір сүруді үйретумен бірдей.

Елдегі ұлт аралық қарым-қатынасты сақтап қалудың жалғыз жолы – бұл қазақ тіліне құрмет көрсету. Ешкім де дүнгендерден немесе басқалардан мемлекеттік тілді әдеби негізде үйрен демейді. Бірақ оларға,–  ал журналистерге боса-болмаса, – бүкіл өмірлері бойына 20, 50, 100, 300 сөзді (қабілетіне қарай), қазақша амандасуды үйреніп алуға болады ғой.

Менің өз халқымды соншалықты сезініп-түсінгенім сондай, қазақтарды елдегі ұлт аралық әлемнің осы кезге дейін тек өздерінің төзімділіктері арқасында ғана сақталып келе жатқаны жалықтырған сияяқты. Неге екітілділік жалғыз қазақтардың ғана еншісі болуға тиіс? Басқаларға онша бір жандарын қинамай, өздеріне қолайлы тілде сөйлей беруге болады екен де, қазақтар ғана солардың жағдайларына қараулары керек пе?

Ал басқа ұлттар қазақтармен тіл табысу үшін күнделікті өмірде қандай қадам жасайды? Оларға «сәлеметсіз бе» немесе «рахмет» деген сөзді үйреніп, қолдану қиын ба? Жағдайдың ушыққаны сондай, қазақтар қазір тіпті өз елінде өз тілінде қызмет көрсетілуін көруден қалды. Мұның бәрі жылдап жинақталған нәрсе еді.

Осы туралы ойланыңыздар. Қазақ тіліне құрмет көрсету деген – Қазақстан елтаңбасына, туына және гимніне құрмет көрсетумен бірдей».

 

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button