МГУ-дың қазақ профессоры
Мәскеу Мемлекеттік университеті (ММУ) дүниежүзіндегі айтулы оқу орындарының бірі. Оған қарапайым қазақ ауылынан шығып, қазақ тілінде мектеп бітірген баланың профессор болуы некен-саяқ оқиға. Әнебір жылдары, Қазақстандағы қуғын-сүргіннен сағалап барып, ұлы Мұхтар Әуезовтің ғана оның профессоры болып, дәріс бергенін білеміз. КСРО жылдарында одан басқа қазақтың ММУ-дың мінберіне шығып, профессоры атанғанын естіген емеспіз. Профессоры болмақ түгілі, оны қазақ ауылынан шыққандар арасынан оқып бітіргендердің өзі саусақпен санарлықтай ғана.
Әрине, қазір кейбір қазақтар Еуропа, Америка да асып жатыр. Тіпті бір қызымыз АҚШ президентінің профессионалдары командасына да кіре жаздады. Комсомолға мүше болғандығын «бетіне басқан» бір еврей соны күнә қылып ақыры өткізбеді…
Ал біздің кейіпкеріміз ММУ-дың профессоры, оның ішінде Вавилов ғылыми-зерттеу институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары. Бұл қазақ үшін сирек оқиға, үлкен жетістік. Сондықтан біз осы ғылыми дәрежеге жеткен, генетика саласы бойынша аса ірі маман ретінде танылған Серікбай Кәрімұлы Әбілев туралы жазуға бел будық.
Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауданының Тегісшіл деген жердегі Маманай ауылында 1947 жылы дүниеге келген. Бұл Солтүстіктегі Қожаберген жырау, Сегіз Серіні өмірге әкелген атақты Гүлтөбе-Маманай деген қасиетті жер. Секең Ашамайлы Керейдің ішіндегі еөшебеге жататын таузар табынан тарайды. Ата жағынан қуғанда Сегіз Серімен туысады. Өзінің арғы тегі осынау атақты адамдармен ұштасатынын Секең тіпті генетик болмай еретик болса да ежелден білген еді. Өйткені әкесі Кәрім ауыл арасында аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін шежіреші, бәрін оқып, естіп, біліп, миына тоқып жүретін жан болатын. Ол балаларына да өз білгенін үйретуден жалықпаған. Соның ішінде құймақұлақ Серікбайға арғы аты-затын танытып бергені хақ.
Кәрім ақсақалдың өзі 1925 жылы туған. Соғысқа баратындардың қатарына ілегіп, әскерге бара жатқан жерінде кездесіп қалған ауданның ауылшаруашылығының басшысы алдында ғана трактористер курсын үздік бітіргендігін ескеріп, военкоматтан алып қалған екен. Ол кезде майданға кетіп бара жатқан адамды қалдыр деп сұраудың өзі ерлік, өйткені «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұран бар. Оған қарсы келіп қалғанның өзін алды-артына қаратпай жазаға ұшыратып жіберуге дайын тұратын «қызылкөздер» қаптап жүретін. Бірақ соған қарамай шыншыл азамат, шынайы коммунист бір қазақ баласын өзінің басына келетін қатерге қарамай, майданнан сұрап алып қалыпты… Содан бері Кәрекең туған ауылында, одан көшіп барған Қарағашта тракторист, бригадир, бөлімше басқарушысы сияқты жұмыстарда істеді. 1947 жылы туған Серікбай – оның тұла бойы тұңғышы. Ол жасынан айтқанды бірден ұғып алатын құймақұлақ, ойынға елігіп-желікпейтін, біртоға, сабырлы, кітаптан бас алмайтын ынталы бала болып өседі. Мектепті өз ауылында, одан кеңшар орталығында қазақша оқып, сыныптан сыныпқа кілең беспен көшіп отырған.
Сегізінші сыныпты бітірген соң Серікбай Ленин ауданындағы (қазір Есіл) Покровка селосында орналасқан ауыл шаруашылығы техникумының агрономия бөлімшесіне түседі. Бұл техникум сол кездегі ауылшаруашылығы мамандарының орта буынын дайындайтын бірден-бір озық оқу орыны болатын. Солтүстіктің талай танымал азаматы осы оқу орнын бітірген. Ұзақ жылдар Қазақстан Үкіметін басқарған Бәйкен Әшімов, облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Ніл Болатбаев, Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов, облыс әкімі Серік Біләлов, Парламенттің белсенді депутаттары болған Михаил Трошихин, Тасбай Симамбаев және т.б. осы оқу орнынан ұшқан түлектер. Қазір оқу орны Ж.Қизатов атындағы Жоғарғы ауыл шаруашылығы колледжі.
Бұл оқу орнының озық білім ордасы болуының үлкен себебі бар. Ол 1923 жылы ашылған, ал 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргінде оған Мәскеу, Ленинград қалаларынан жер аударылған еврей, украин, орыс ғалымдары жұмысқа орналасқан. Міне осылар, Қазақстанның бір түкпіріндегі қарапайым оқу орнын іргелі білім ордасына айналдырған. Үйреніскен соң кейбірі тіпті Хрущевтың жылымығынан кейін де қайтпай, қалған ғұмырын осында өткізген. Бұл ауылдың тұрған жері ғажап, дәл Есіл өзенінің үстінде, облыс орталығынан келетін қара жолдағы ең үлкен көпір де осы жерден өтеді. Есілдің екі жағы көкорай шалғын, ормандарында жеміс-жидектің бәрі өседі. Осы жерді қимай қалғандардың бірі генетик Владимир Смирнов еді. Ол атақты Николай Вавилов мектебінің өкілі екен.
Генетиканы техникумның оқу бағдарламасы бойынша тереңдеп оқытпайды, бірақ ғалым өзінің білгенін талантты жастарға егуге тырысады. Соның ішінде қазақ мектебінен келіп, орысшаны шала білгенімен жас Серікбайдың ынтасы зор, білмекке құштарлығы орасан және табиғатынан алғыр, дарынды екенін бірден аңдап, оны генетика ғылымына баули бастайды. Бұл ғылымның өзі бір кезде Кеңес одағында қуғынға ұшырап, «маркстік диалектикаға кереғар» делініп, оның ең басты өкілі, академик Николай Вавиловты 1940 жылы түрмеге қамап, ол сонда 1943 қайтыс болған. Ал оның қарсыласы Трофим Лысенконың дәуірі өрлеп, Вавилов ашқан институтқа директор болып, генетиканы ғылым емес деген идеяны ұстанады. Генетиканың тағдыры тек 60-шы жылдарда шешіліп, оның нағыз ғылым екендігі осы кезден танылған. В.Смирнов өзінің алғыр шәкіртіне бұл ғылымның ерекшелігі мен маңыздылығын түсіндіруден жалықпайды.
1968 жылы техникумды «қызыл дипломмен» бітірген Серікбай болашақта генетик болуды қалап Мәскеу университетінің биология факультетіне жол тартады. Ол кезде «қызыл дипломмен» келген абитуриенттер бір-ақ сабақтан емтихан тапсырады. Егер бес алса басқа емтихандардан босатылып, бірден студент атанады. Орыс тілін бұза сөйлейтін алыстан келген қазақ баласын құлатып жібергісі келген емтихан алушы Серікбайға техникумның бағдарламасына енбеген сұрақтарды жаудырады. Бірақ жолын Алла ашқан бала оның құйтырқылығынан сүрінбей өтеді. Емтиханға дайындалып жүрген кездерінде ол университеттің музейінде болатын ашық лекцияларды тыңдап жүреді екен, соның бірінде «Адамның жүйке жүйесі» деген дәріс естиді. Алланың жұлдызын жоғары қылғандығы сол емес пе, экзаменатор баладан дәл сол тақырыпты сұрайды. Білікті профессордың лекциясын құныға тыңдап, жадына жаттап алған бала бәрін тасырлатып айтып береді. Мұның біліміне таң қалған емтихан алушы амалсыз «бесін» қойып, Серікбай ММУ-дің студенті атанады.
Алғашқы екі жыл ауырлау болғанымен, түйсігі терең, дарыны мол бала артынан университеттің озық студенттерінің бірі болып, 4-курста «Лениндік стипендия» алып тұрады. Жыл сайын студенттік құрылыс отряды қатарынан да қалмай, бірде Ақ теңіздің жағасына, бірде Мәскеу түбіне, ал соңғы рет Сахалинге дейін барып, құрылыс жұмыстарына қатысады.
Бір қызығы, баласы Мәскеуде оқып жүргенде әкесі Кәрім Ақжардағы (орысшасы Покровка) ауыл шаруашылығы техникумына сырттай оқуға түседі. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген бар ғой, бірақ бұл жолы әке емес жақсы бала әкеге «азық» болады. Фамилиясы «Әбілев» екенін көрген мұғалімдер Кәрім ағамызға бірден «Серікбайдың әкесі емессіз бе» деп сұрайды екен. Ал әкесі екенін білгенде оған ризашылығын айтып, осындай бала өсіргені үшін оған қолдан келген жеңілдіктерін жасауға ұмтылып тұрады… Сөйтіп баласының арқасында терең дайындалуға жұмыстан қолы тие бермейтін Кәрекең техникум бітіріп алады.
Университетті 1973 жылы үздік бітірген Серікбайға аспирантураға қалу ұсынылады. Бірақ 1972 жылы ауылға демалысқа келгенде үйленіп алған Серікбай жас отауын аспиранттың стипендиясымен асырай алмаспын деп «Химиялық қоспаларды биологиялық сынақтан өткізу» деп аталатын Мәскеу түбіндегі режімдік (құпия) ҒЗИ-ға кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. Осында жүріп 1979 жылы кандидаттың диссертациясын қорғайды, ал қызметі зертхана басшылығына дейін өседі. Ғылыми жетістігі қатарында химиялық мутагендердің жаңа класын ашқанын және олардың генотоксикалық әрекеттерін зерттегенін айтуға болады.
1984 жылы Серікбай Әбілев Мәскеудің өзіндегі Өнеркәсіптегі микроорганизмдер селекциясын зерттейтін ғылыми-зерттеу институтына ауысады. Одан, 1996 жылы ММУ-дің биология факультетінің генетика кафедрасына көшеді. Әлі күнге осы қызметін атқарып келеді. 2006 жылы ол осы университет қабырғасында биология ғылымының докторы ғылыми атағын қорғайды. 2007 жылдан профессор дәрежесін алған. 70 мақаласы, ғылыми конференцияларда жасаған бірнеше баяндамасы осында жарияланып, 10 адамға ғылыми жетекшілік жасап кандидаттық, 1 адамға докторлық диссертация қорғатқан.
Сонымен қатар ол РҒА Н.Вавилов атындағы жалпы генетика институтының ғылыми хатшысы, «Радиациялық биология. Радиоэкология» ғылыми журналы бас редакторының ғылым жөніндегі орынбасары. Оның генетика ғылымының халықаралық қауымдастығы жоғары бағасын берген төрт монографиясы жарық көрген.
Лениндік сыйлықтың лауреаты, биология ғылымының докторы, академик Мұрат Айтхожиннің шақыруымен бір жылдары ол Алматыдағы Қазақстан ҒА микробиология институтына келмек болады. Бірақ аты дардай, атағы жер жарған академик тұрғын үй мәселесін шешіп бере алмайды. Алматының безбүйрек шенеуніктері Мәскеуден өз аяғымен келіп тұрған атақты генетик ғалымға қамқорлық жасай алмапты… Сондықтан Секең қайтадан өзінің ғылыми ортасына оралады. Кейін, Мұрат Айтхожин ҒА президенті болғанда екінші рет шақырады, бірақ бұл кезде ол генетикадағы толық бір бағытты зерттеп, соңынан шәкірттер ерткен кез болған соң бастаған ісін тастай алмай Мәскеуде қала береді. Қазір ол ММУ-дағы және Н.Вавилов институтындағы қызметтерін атқаруда.
Серікбай Кәрімұлы туған жерден тамырын үзген жоқ, жыл сайын болмаса да 3-4 жылда бір келіп тұрады. Солтүстік Қазақстанда оның үш қарындасы отбасымен және қайтыс болған үлкен інісінің баласы Мейрам тұрады. Әкесі Кәрім осы немересінің қолында, былтыр ғана 96 жасында қайтыс болды. Анасы жиырма бір бұрын өмірден өткен. Тағы бір інісі Мұрат Астана қаласындағы мектептердің бірінде директордың орынбасары.
Секеңнің бір ұл, бір қызы бар еді, өкінішке орай, ұлы осыдан жиырма шақты жыл бұрын жол апатынан қайтыс болды. Қызы бақуат, Мәскеуде, тұрмыста.
Серікбай ағамыз қолы бос уақытында қазақ әндерін тыңдап, көңіл көтереді. Ал Абайдың кітабы оның үстелінің үстінен түспейды. Ғалым ұлы Абайдың философиялық, даналық жыр жолдарынан өзінің көңіл көкжиегін кеңіте түсіп, рухани ләззат алады екен.
Жақсыбай САМРАТ,
журналист-жазушы
ҚЫЗЫЛЖАР