Жемқорлыққа жақын елдердің қатарында қандай жұрттар бар?
БРЮССЕЛЬ. 2 ақпан. Халықаралық антикоррупциялық қозғалыс «Жемқорлықты қабылдау индексінің» 2022 жылғы қорытынды кесте-көрсеткішін жариялады. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Жемқорлыққа қарсы халықаралық «Transparency International» қозғалысы жемқорлықты қабылдау деңгейін тәуелсіз ұйымдардың бүкіл дүние жүзі бойынша жұмыс жасаған сараптамалық бағалары негізінде құрастырады.
Ұйым бұл жолы 13 сараптамалық баға мен сауалнама базасы бойынша 180 мемлекетті қамтыды. Елдерге осы 13 тармақтың әрбірі бойынша 0-ден 100 балға дейін баға қойылды. Мұнда 0 цифры жемқорлықты қабылдаудың ең жоғары сызығын көрсетсе, 100 ең төменгі деңгейді білдіреді.
Биылғы жылы жемқорлықты қабылдай қоймаған, оны көп жолатпаған елдер көшін 90 балмен Дания бастады. Бұдан әрі алғашқы ондықты Финляндия (2-орын, 87 балл), Жаңа Зеландия (3, 87), Норвегия (4, 84), Сингапур (5, 83), Швеция (6, 83), Швейцария (7, 82), Нидерланд (8, 80), Германия (9, 79) және Ирландия (10, 77) толықтырды.
Бұрынғы кеңестік елдер қатарында жемқорлыққа аса көп жуымаған мемлекет Эстония болып шықты. Ол 74 ұпаймен 15-орыннан көрінді. Балтық бойының қалған екі дәулеті де бұдан кейінгі керуен жолында. Атап айтқанда, 62 ұпай жинаған Литва 33-ші белестен табылса, 59 ұпайы бар Латвия 39-шы болып мәреге жеткен. Ары қарай Грузия (42, 56), Армения (63, 46) кеуде қатарынан орын алған, ал қалғандары біртіндеп төмен қарай сырғи береді. Айталық, бұдан соң 39 балмен Беларусь 92-ші болып тұрса, сонша ұпайлы Молдова 94-ші тұғырға жайғасқан. Ал небәрі 36 балл алған Қазақстан – 104-ші, 33 балл еншілеген Украина – 122-ші, 31 балға жеткен Өзбекстан – 130-шы, 28 балы бар Ресей – 140-шы, 27 балды Қырғызстан – 141-ші, 24 балл жинастырған Тәжікстан – 157-ші, 23 балға егелік еткен Әзербайжан – 158-ші, 19 балл ғана тапқан Түрікменстан 171-ші орындарға табан тіреген.
Осы лектен кейін 9 мемлекет қана бар. Олардың да ең соңында Венесуэла (177-орын, 14 балл), Оңтүстік Судан (178, 13), Сирия (179, 13) және Сомали (180, 12) елдері орналасқан.
Зерттеу қорытындысында елдердің үштен екі бөлігі екі жыл қатарынан 50-ден төмен балл жинаған. Тұтастай алғанда, Transparency International ұйымының бағалауынша, 180 елдің 122-і жемқорлыққа жақын екен. Тек 58 мемлекет қана коррупцияға оншама дес бермейді. Бұл шек 58-ші орындағы Маврикиймен тәмамдалады. Посткеңестік елдер арасынан оның шеті Грузиямен тұйықталады. Ары қарай кілең жемқорлықтан шеңбірік атып, кекіректері азған дәулеттердің шеруі басталып кетеді. Өкінішке қарай, Қазақстан да осы шеңбердің ішінде, оның соңында 76 ел ғана бар.